«ЕЛБАСЫТАНУ» КУРСЫ АЯСЫНДА ПАВЛОДАР МЕН АҚТӨБЕ МЕКТЕПТЕРІНДЕ ОНЛАЙН-ДӘРІС ӨТТІ

Елбасы кітапханасының білім беру-педагогикалық жұмысы виртуалды кеңістікте кеңінен жалғасып келеді. Осы жолы Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері Павлодар қаласының Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебі мен Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қатысушыларына «Елбасытану» курсы аясында онлайн-дәріс өткізді.

Дәрісті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Ләйлә Омарова жүргізді. Лекция барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызмет жолы туралы айтылып, Тұңғыш Президенттің тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен факторлар баяндалды. Сондай-ақ, Елбасы жеке архиві қорының құнды материалдары дәріске қатысушылар назарына ұсынылды.

 «Бүгінгі дәріс өте жоғары деңгейде өтті. Мұндай шаралар оқушыларымыздың білім көкжиегін кеңейтіп, өнегелі ұрпақ боп өсуіне сеп болады. Дәрісті тыңдаған оқушыларымыз Елбасымыз туралы көптеген маңызды мағлұматтар алды деп ойлаймын. Халқымызды ерлікке, елдікке бастаған қос мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Тәуелсіздік күнімен сіздерді мектеп әкімшілігі атынан шын жүректен құттықтаймыз!», - дейді павлодарлық мектеп директорының орынбасары Гауһар Әбуқызы.

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы Түймебай Бұрымды да «Елбасытану» курсынан алған әсерімен бөлісті.

«Бізбен құнды ақпараттармен бөліскендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Дәрісті ұйып тындадық, түртіп алғанымыз көп болды. Алдағы уақытта тағы да бас қосамыз деп сенемін», - дейді ол.