ЕЛБАСЫНЫҢ ЖЕКЕ АРХИВІН ТОЛЫҚТЫРАТЫН ҚҰНДЫ ҚҰЖАТТАР ТІЗІМІ ҚҰПТАЛДЫ

30 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Сараптамалық кеңес жұмысының кезекті отырысы өтті. Келелі басқосуға Қазақстан Республикасы Президентінің  Әкімшілігі жалпы бөлім меңгерушісі Мірболат Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов,  Қорқыт ата атындағы Ғылыми-зерттеу институтының директоры Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Президенті Телерадиокешенінің Бас директоры Ерлан Бекхожин, ҚР Президенті архивінің Астана қаласындағы басқарма басшысы Серікбек Әубәкіров және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Келелі басқосуға қос мәселе арқау болды. Сараптамалық кеңестің мүшелері Мемлекет басшысымен иық тірестіре еңбек еткен үзеңгілестерінен, әріптестерінен сұхбат алу үшін тізімді бекітуді және ғылыми-іздестіру экспедициясында олжаланған құжаттардың Елбасының жеке архивін толықтыруын кеңінен қаузалды.

Жиынды ашқан Елбасы кітапханасың директорының орынбасары Бейсембай Жұмабеков Елбасының жеке архивін құнды құжаттармен толықтыру және қолдағы қорды топтастыру жұмыстары жоспарлы түрде қолға алынғанын тілге тиек етті. «Өткен жылы Сараптамалық кеңестің 4 отырысы өтті. Биылғы жиын – алғашқы. Елбасының жеке архивін толықтыру жұмыстары жүйелі сипатқа ие. Өткен жылы қордағы архив құжаттары мен материалдардың негізінде «Елбасы әлемі: Тұлға. Саясаткер. Жасампаз» жинағы жарық көрді. Оған енген 152 құжат пен 64 фотоның арасында көпшіліктің назарына алғаш рет ұсынылғандары бар. Биыл бас қаланың Астанаға көшірілуінің 20 жылдығына арналған архив материалдарының жинағы әзірленуде. Оларды ниет білдірген жастар  өздерінің зерттеу жұмыстары үшін кәдеге жарата алады», - деп атап өтті ол.

Жинаққа жоғары баға берген Қорқыт ата атындағы Ғылыми-зерттеу институтының директоры Мырзатай Жолдасбеков оның тағылымдық және тәрбиелік маңыздылығына ерекше тоқталды. «Тарихи деректер мен дәйектерге тұнған кітап білім беру мекемелерінде кәдеге жаратылса құба-құп. Елбасының жеке архивіндегі құжаттарды жинақ түрінде шығару – игі үрдіс. Оны жалғастыру қажет», - деп өзінің байыпты пайымымен мемлекет және қоғам қайраткері бөлісті.

Елбасының жеке архивінің бір бөлігін аса құнды бейнематериалдар құрайды. Кітапхана қызметкерлері Мемлекет басшысымен қызметтес болған жандардан, үзеңгілестерінен сұхбат алуды оң жолға қойған. Өткен жылы Қарағанды облысында 35 адамнан Н.Ә. Назарбаев жайлы естеліктер жазып алынды.

–  Маңызды жұмысты биыл жалғастыру үшін Сараптамалық кеңес мүшелерінің назарына түрлі салада еңбек еткен 119 мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, ғалымдардан, жазушылардан тұратын тізім бекітуге ұсынылған. Бұл азаматтар – жас тәуелсіз мемлекетіміздің ширек ғасырлық кезеңінде мемлекет басшысына сенімді серік бола білген біртуар тұлғалар, - деп күн тәртібіндегі бірінші сұрақты Елбасы кітапханасы Архив жұмысы және ақпараттандыру қызметінің басшысы Еран Мағұзұмов таныстырды.  

Сараптамалық кеңестің мүшелері тізімді қарастырып, оған қосымша 20 адамның есімін қосуды ұсынды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеге Архив жұмысы секторының жетекшісі Жангелді Бимолдин тоқталды. «Өткен жылғы Астанадағы Ұлттық архивте және Алматыдағы ҚР Президентінің мұрағатында жүргізілген ғылыми-іздестіру жұмыстары барысында жиналған құжаттарды іріктеп, 222 сақтау бірлігін құрайтын тізімді бекітуге ұсынып отырмыз. Оған Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен немесе басшылығымен өткен Орталық Партия Комитетінің 1973,1983,1985,1988-1991 жылдар арасындағы бөлімдердің, облыстық партия комитеттерінің және министрліктердің берген тапсырмаларын орындау жөніндегі мәліметтер, хаттар, сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарғылары, Қаулылары мен басқа да нормативтік құжаттар енген. Барлық материалдар тақырыптық және хронологиялық түрде жүйеленген», - деп атап өтті ол.

Сараптамалық кеңес мүшелері Елбасының жеке архивін толықтыруға ұсынылған тізімді құптады. Енді Кітапхана архивистері олардың әрқайсысын есепке алу жұмыстарына кіріспек. Сонымен қатар биылғы сәуір-мамыр айларында Ақмола облысына және Алматы қаласына ғылыми-іздестіру экспедициясымен жол тарту жоспарланған.  

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саясат ғылымдарының докторы Қуаныш Сұлтанов Елбасының жеке архивін толықтыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізетінін атап өтіп, жоғары баға берді.