«ЕЛБАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ САЯСИ БАСТАМАЛАРЫ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘРТЕБЕСІ МЕН БЕДЕЛІН АРТТЫРУ ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ» ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІ

2018 жылдың 20 қыркүйегінде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында «Елбасының сыртқы саяси бастамалары – Қазақстанның халықаралық мәртебесі мен беделін арттыру факторы ретінде» дөңгелек үстелі өтті.

Іс-шараның модераторы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов өз баяндамасында әлемдік қауымдастықтағы Қазақстанның табысты интеграциясы ел Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында жүзеге асып, Елбасының бастамалары Қазақстанды халықаралық қауымдастықта танымал еткенін атап өтті:

– Н. Назарбаев ұсынған ядролық қарусыздану жөніндегі бастамалары БҰҰ деңгейінде қолдау тауып, елімізді ядросыз әлем үшін жаһандық қозғалысының лидері атандырды. Сол сәттен бастап Қазақстан ядросыз мемлекет мәртебесіне қол жеткізіп, бүкіл әлемдегі ядролық қарусыздану үдерістеріне бастамашы болды. ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ЕАЭО, ТҮРКІСОЙ және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі сынды ірі халықаралық ұйымдарға төрағалық еткен тұстарда еліміздің халықаралық биік беделі асқақтай түсті. Жалпы алғанда, Президент Н. Назарбаев белгілеп берген сыртқы саясатымыз Қазақстан дамуы, еліміздің азаматтарының ахуалын қамтамасыз ету, сондай-ақ аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтудың ұзақмерзімді мақсаттарына қызмет етуін жалғастыра бермек.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор Абзал Тәлтенов алғы сөзінде:

– Мемлекет басшысының республикамыздың дамуында маңызды рөл атқаратын кейбір стратегиялық бастамаларына дөңгелек үстел қатысушыларының назарын аударғым келеді. Біріншіден, Н. Назарбаевтың арқасында еліміздің барлық мемлекеттік шекарасы рәсімделді. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін шекараны межелеу күрделі мәселелері бейбіт жолмен реттелді. Екіншіден, сонау 1994 жылы М. Ломоносов атындағы ММУ студенттерінің алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразиялық одақ құру идеясын алғаш ұсынған болатын. Бұл бастама үлкен қолдау тауып, 2017 жылдың мамырында Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары арасында Еуразиялық одақ құру туралы шартқа қол қойылды. Ал 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылды. Үшіншіден, Елбасының бітімгершілік мақсатында Сириядағы қақтығыстарды реттеу бойынша әскери жанжалдарды шешудегі рөлін ерекше атап өтуіміз керек.

Атырау инженер-гуманитарлық институтының проректоры Жанна Қыдыралина баяндамасында еліміздің халықаралық аренадағы жан-жақты артып келе жатқан беделі мен мемлекеттер арасындағы екіжақты байланыстардың нығаюы туралы баяндады.

– Қазақстанның халықаралық мәртебесі мен беделін арттыру факторы ретінде танылған Елбасының сыртқы саяси бастамаларына арналған бүгінгі іс-шара Қазақстан Президентінің сан қырларының бірін ғана айқындайды. Елбасы – ұлы стратег, реформатор және кемеңгер саясаткер. Қазақстан лидерінің бейбіт бастамалардың авторы ретінде аймақтық әрі жаһандық деңгейдегі биік беделін әлем мойындап отыр, – деді Жанна Өркенбайқызы.

Атырау инженер-гуманитарлық институтының оқытушысы, магистр Әсел Ығылова өз баяндамасын мемлекетаралық және халықаралық қатынастарға, сондай-ақ толеранттықты қалыптастыру және жаһандық әлем мен әріптестікке ықпал етудегі жастардың рөлі тақырыбына арнады.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, доцент Өмірбек Бекежан баяндамасында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін белгілеген Каспий жағалау мемлекеттері басшыларының V саммиті барысында қол қойылған конвенцияның тарихын, саяси-экономикалық мәнін түсіндірді. Баяндамада Мемлекет басшысының Каспий жағалау мемлекеттері ынтымақтастығы мен интеграциясының күрделі мәселелерін шешудегі рөліне ерекше назар аударылды.

Атырау инженер-гуманитарлық институтының деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты Сұлтанбек Қасенов тәуелсіз Қазақстан мен БҰҰ өзара қарым-қатынасының тарихына, еліміздің Жер бетінде бейбітшілікті қолдайтын басты ұйым – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне таңдалуына тоқталды.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің магистранты Вера Шин Мемлекет басшысының рухани жаңғыру Жолдауының мәнін түсіндіріп өтті:

– Жолдау қоғамымыздың барлық аспектілерін қамтиды, соның ішінде дамудың саяси, әлеуметтік және экономикалық салаларына ерекше назар аударылған. Заманауи технологиялар өнідіріске ғана емес, сондай-ақ қоғамды дамытудың барлық салаларын жаңғыртуға ықпал етеді.

– Қазақстанда білімді ұлт клубына өтуге барлық жағдай жасалған. Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептері ашылды. Алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені дамытып отырған «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша түлектердің саны артып келеді, – деді PhD, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ассоцияланған профессорының м.а. Әйгерім Баймахан.

Спикерлер мен дөңгелек үлстелге қатысушылар саяси, экономикалық, сауда салаларының екіжақты және аймақтық байланыстарын трансформациялау тұрғысындағы Қазақстанның көпвекторлы саясатының өзекті мәселелерін талқылады.

Талқылау барысында Елбасының жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтудағы бастамалары, Қазақстанның бітімгершілік миссиясы мен ондағы Мемлекет басшысының рөлі, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджінің мәні мен маңызы қарастырылды.

Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рақымжанов қорытынды сөзінде іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, бүгінгі қызу пікірталас Қазақстанның жүріп өткен жолы мен Елбасымыздың тәуелсіз мемлекетіміздің құрылысына қосқан зор үлесіне қатысты еркін әрі нақты ой-пікірлердің нәтижесі екенін айтты.