ЕЛБАСЫНЫҢ КІТАПХАНАСЫНДА – ЖАС СПОРТШЫЛАР

Президентіміз жариялаған Жастар жылының алғашқы айында  елордалық жас спортшылар Елбасының кітапханасына арнайы келді.

Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының 27 оқушысы Елбасы кітапханасының сарапшысы Ботагөз Аяпбергенова  ұйымдастырған «Қазақстандағы олимпиадалық қозғалыс» квест экскурсиясына қатысты. Бес топқа бөлінген жеткіншектер спорт саласына қатысты тосыннан қойылған сұрақтарға жауап беру үшін ойлануды қажет ететін квест ойынға белсенді қатысып, өзара пікір алмасты.

«Шынықсаң – шымыр боласың» деген ұстаныммен жүретін жас жеткіншектер «өзіңді сергек сезінудің бір тәсілі – спорт екенін» тілге тиек етті. Сонымен қатар болашағынан көп үміт күттіретін ел жастары ғимараттағы залдарды еркін аралап, мұндағы құнды дүниелерге қызыға қарады. Спорт мектебінің тәрбиеленушілері  үшін «Қазақстандағы олимпиадалық қозғалыс» залының орны ерекше болды. Аталмыш залда орналасқан еліміздің спорт саңлақтарының жеткен жетістіктері, алған марапаттары мен медальдары, ұстаған заттары мен  киген киімдерін жақыннан көріп тамашалаған жастардың көздерінде от ойнады. Солардың бірі бүгінде әлемдегі танымал спорт түрі саналатын дзюдодан 2017 жылы Польшада өткен әлем чемпионатында бірінші орын алған 12 жасар дзюдошы Мұстафа Тәліп арман-мақсатымен бөлісті:

«Өзім оқып жатқан республикалық спорт мектебіне жапондардың  ұлттық күрес ойыны арқылы елімді әлемге танытсам деген арманмен келдім. Елбасының кітапханасын аралау барысында спортта биік белестерді бағындырған әлем және олимпиада ойындары жеңімпаздарының  көк туымызды желбіретіп түскен қуанышты сәттегі суреттерін көріп, кеудемді қуаныш кернеді. Әсіресе, Геннадий Головкиннің белбеулері үміт отын жүрегімде маздатты. Мен де елімнің патриоты ретінде  сиқырлы спорт әлемінде жетістікке жетіп, жеңіс туын желбірететін боламын».  

Ер балалар басым  оқушылар арасынан еліктің лағындай, нәп-нәзік қыз балаға көзіміз түсіп, сөзге тарттық. «Каратэ – қатерден сақтайды» деген қағидамен жүретін Кәусар спортта жеткен жетістіктерін айтып таңқалдырды. 

– Спортта қыз-ұл деп бөлмейді. Каратэмен айналысып жүргеніме 5 жыл болды. Сабағыма да, жарыстарға да қатысып үлгеріп жүрмін. 2016 жылы, тоғыз жасымда Грузияның Батуми қаласында өткен Әлем кубогының жеңімпазы атандым. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионымын. Алдағы мақсатым –  әлемге елімізді танытып, олимпиада чемпионы атану. Өзім спортпен айналысып жүргендіктен бе, бұл ғимаратты аралау барысында  Елбасымызға спортшылар тарапынан берілген сый-сияпаттарды қатты қызықтап қарадым, - дейді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының 7 сынып оқушысы Кәусар Қыранқызы.  

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген келешекте еліміздің намысын қорғайтын спортқұмар оқушыларға аналық қамқорлық танытып, тілеуін тілейтін тәрбиешілердің бірі Тұрсынгүл Хамзина жастардың болашағынан көп үміт күтетінін айтты.

– Бізде спортқа берілген дарынды балаларды Елбасының кітапханасымен таныстыру дәстүрге айналған. Жылда осы ғимаратқа келіп тұрамыз. Балалардың уақыты өте тығыз болғандықтан, бапкерлерімен келісе отыра оқушылардың жарыстары мен сабақтарына кедергі келтірмейтіндей жоспарлаймыз. Бүгінгі өткізілген квест ойынының тәрбиелік мәні зор деп санаймын. Балалар білімдері мен спорттағы жетістіктерімен таныстырып, қанаттанып қалды. Осындай қызықты әрі маңызды саяхаттан кейін  оқушыларымыз болашаққа – жаңа серпінмен қадам басады деп ойлаймын.