ЕЛБАСЫНЫҢ КІТАПХАНАСЫНДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНА АРНАЛҒАН «АТАДАН МҰРА» КҮЙІ КҮМБІРЛЕДІ

Бүгін  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында 16 жастағы күйші-композитор Ғаламат Бейсеқожаевтың «Атадан мұра» шығармашылық кеші өтті. Жас өнерпаз Елбасына арналған туындысымен 2-ші шығармашылық кешін атауды ұйғарған. Домбыраның құлағында ойнаған өнерпаз көпшілікті өнерімен тәнті етті. Ән әуелеп, күй күмбірлеген мәдени кеште Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 9 және 5 сынып оқушылары ағалы-інілі Ғаламат пен Нұрәлі өздерінің шығарған төлтуындыларын ұсынды.

– Мемлекет басшысы Қазақстанның мәдениетін сақтауға және дамытуға үлкен үлес қосып жүрген дарынды және шығармашыл жастарды демеуге басымдық береді. Бұл бағытта Елбасы кітапханасы бүгінгі кездесу іспетті шараларды ұйымдастыруға қолғабыс етіп, кейінгі толқынның игі бастамаларын жан-жақты қолдайды. Білімді және дарынды жастарға қатарластары бой түзеп, үлгі алғанын құптаймыз. Музыка – ұлттық өнердің мәйегі.  Оның арқасында мәдениетіміз құлашын кеңге сермейді. Ағайынды Ғаламат пен Нұрәлі өздерінің музыка шығару өнерімен, аспапта ойнау шеберлігімен тәнті етті. Жасөспірімдер туған жерге деген сезімдерін төлтуындылары арқылы өрнектейді. Отансүйгіштіктің тамыры осыдан бастау алады, - деп атап өтті шығармашылық кештің ашылу барысында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Бейсембай Жұмабеков.

Өнерлі әулетте тәрбиеленген Ғаламат кішкентай кезінен ағасы, танымал композитор Нұрсәт Бейсеқожаевтан тәлім алып, шоқтығы биік күй өнерін меңгереді. Дарынды жас белгілі туындыларды орындаумен қатар өзінің де күй шығаратын қабілеті бар. Ғаламат – «Махамбет», «Абай толғауы», «Жазғытұры», «Қосбасар», «Жауынгер», «Есдәулет», «Қасқарау», «Қордай» іспетті 20-дан астам күйдің авторы. Кеш барысында 16 жастағы жасөспірім  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған «Атадан мұра» күйін орындап берді.

– Елбасы жастарға қамқорлық көрсетіп, оларды қолдауға үлкен көңіл бөледі. Қазақстанда ниет білдіргендер үшін өз-өзін дамытудың мүмкіндіктері аясы кең. Президентіміз кейінгі толқынды жеңістерге ұмтылдырып, өр мақсаттарға қол жеткізуге қанаттандырады. Сондықтан «Атадан мұра» күйін алғыс ретінде Елбасына арнауды ұйғардым. Мен үшін аса құнды төлтуындыммен аттас бүгінгі 2-ші шығармашылық кешімді өткізуге қолдау көрсеткен Елбасы кітапханасына ризашылығымды білдіремін Енді інім екеуміз домбыраның, скрипканың және фортепианоның үнін бір туындыда біріктіруге кірістік. Тың туындылар арқылы қазақ өнерін дамытуға үлес қосқым келеді, - деп бөлісті жас күйші-композитор Ғаламат Бейсеқожаев.

6 жасынан қолына қара домбыраны алған жасөспірімнің өнеріне сарапшылар жоғары бағасын берді.

– Елбасымызға арналған ән мен күйлер бір төбе. Олардың ішінде шоқтығы биік төлтуындылар Қаршыға Ахмедияровқа және Шәміл Әбілтаевқа тиесілі. 16 жастағы Ғаламаттың шығарған «Атадан мұра» күйін де олардың қатарына қосуға болады. Туынды бір сарынды емес. Жас композитордың ерекше стилі анық байқалады. Ол өзінің күйінде Елбасының жан-жақтылығын көрсете білді. Меніңше, Ғаламат - өзінің қатарластары арасында озып тұрған жас күйші-композиторлардың бірі, - дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, күйді зерттеуші Рүстем Нұркенов.

11 жасында тырнақалды туындыларын шығарған Ғаламат «Дәстүрлі өнер» номинациясы бойынша «Жас Дарын» республикалық байқауының бас жүлдесін, Қаршыға Ахмедияров атындағы сыйлықты иеленген. Өткен жылы Ғаламат Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Нұрлы жол» шығармашылық кешін өткізді.

Кездесу барысында жас дарын күйді күмбірлетіп, өзінің шығармаларын орындады. Ал Ғаламаттың інісі Нұрәлі скрипкада ойнау шеберлігімен тәнті етті.

Рухани кешке жас өнерпаздар, Бейсеқожаевтар, Ғ.Орманов атындағы мектеп-гимназияның оқушылары мен ұстаздары, колледж студенттері және Елбасы кітапханасының қызметкерлері қатысты.