ЕЛБАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫН ТАЛҚЫЛАУҒА АРНАЛҒАН «ТҰҢҒЫШ» БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ АШЫҚ ЖИЫНЫ

Үстіміздегі жылдың 16 қаңтарында Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 2018 жылдың 10 қаңтарындағы Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған Астана қаласындағы «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымының ашық жиыны өтті.

Жиынды ашқан «Тұңғыш» БПҰ төрағасы, Астана қаласындағы «Нұр Отан» партиясының саяси кеңес мүшесі, елордалық «Бірлік» БПҰ саяси кеңес және бюро мүшесі, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов бүгінгі жиынның басты мәселелеріне тоқталды:

– Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа беттерін парақтайды. Биылғы жылғы еліміздің басты стратегиялық құжаты мемлекетіміздің болашағын айқындайтын 10 негізгі міндетті қамтиды. Мықты әлеуеті, тұрақты экономикасы, мызғымас бірлігі бар Қазақстан Төртінші өнеркәсіптік өзгерістер дәуіріне аяқ басты. Алайда жаңа заманның қауіптері де аз емес, олар қарқынды және жаңа шешімдерді талап етеді. Жолдауда Мемлекет басшысы қалыптасудың маңызды шарттарының бірі – білім берудің жаңа сапасына, адами капиталдың дамуына аса назар аударады. Құжатта білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігі айтылады. Барлық деңгейдегі білім беру бағдарламаларының мақсаты – мектепке дейінгі білімнен жоғары білім беруге дейін – өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту.

– Жолдаудағы білім берудің жаңа жүйесі экономиканың өзіндік инвестициялық жобалар мен сараптамалық әлеуеті бар дербес саласын ұсынады. Бұл жаңа білім беру жүйесі жұмысының соңғы межесі Елбасының елге жолдаған маңызды құжатында баршаға түсінікті әрі қарапайым өрнектелген: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», – деп сөзін аяқтады Әмірхан Мұратбекұлы.

Жиынның соңында Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне алғыс хаттар табыс етілді.

Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің сарапшысы Данагүл Мырзаханова:

– Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымына менің жұмысымды жоғары бағалағаны үшін үлкен алғысымды білдіремін. Әрқашанда шығармашылық және қайырымдылық шараларға шын көңілден белсенді атсалысамын. Әсіресе, балалар үйіне, тұрмыстық ахуалы төмен отбасыларына қол ұшын беру мені ерекше толғандырады. Қайырымдылық шаралары өз жұмысыммен қатар жалпы өз өмірімді басқаша қабылдауға мүмкіндік береді.

Спорт шараларына және волейболдан спорт командасын ұйымдастыруға белсенді қатысқаны үшін Архив жұмысы және ақпараттандыру қызметінің сарапшысы Ғалымжан Кенжебаев алғыс хатпен марапатталды.