Бүгін Елбасының кітапханасында «Әлемді өзгертетін идеялар» республикалық байқауының ақтық кезеңі өтті.
Байқаудың мақсаты - Елбасының идеялары мен бастамаларын оқу-тәрбие жұмыстарында пайдаланудың инновациялық әдістерін анықтау. Оған Елбасының кітапханасы және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мұрындық болған.
3-ші жыл қатарынан ұйымдастырылған шығармашылық сайыста еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұстаздары бақ сынады. Байқауға жолданған 67 жұмыстың 10-ы іріктеліп, ақтық кезеңге жолдама алған. Олардың авторлары - математика, физика, биология, география және басқа пәндердің мұғалімдері Елбасының еңбектерін сабақ барысында ұтымды қолданудың тәсілдерін паш етті. Нұркен Әбдіжалиев Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы» кітабын тереңнен зерделеген. Қызылордалық ұстаз тарихи туындыдағы негізгі идеяларды «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» пәнінің тақырыбымен сабақтастырды. Алғашқы тәжірибенің нәтижелілігіне көз жеткізген білікті мұғалім оны игі дәстүрге айналдыруды ұйғарған.
– Елбасының әрбір еңбегі – тұнған тарих. Құнды кітаптар ізденіске жетелеп, рухани шабыт береді. Мемлекет басшымыздың бастамалары негізінде сабақ тақырыбын түсіндірдім. Оған оқушылардың қызығушылығы ерекше екендігін байқадым. Шәкірттер Президентімізді басқа қырдан танығандарын атап өтті. Енді Елбасының 18 кітабы негізінде 34 сағаттық факультативтік курсты әзірлеуге кірістім. Қосымша сабақтарда оқушылармен Мемлекет басшысының экономикалық, бітімгерлік бастамаларын кеңінен талқылау қарастырылған, - деп өзінің пәнді оқытудағы әдістемесіне Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектептің мұғалімі Нұркен Әбдіжалиев тоқталды.
Биология пәнінің мұғалімі Ұлболсын Арапбаева Елбасының «Бейбітшілік кіндігі» кітабына иек артқан. Оның негізінде «Адреналин гармонының ішкі және сыртқы жағдайларға әсері» деген күрделі тақырып жан-жақты түсіндірілді.
– Сабақта дәрігер әдісін пайдаландым. Елбасының кітабындағы Семей ядролық полигоны бойынша деректерді пайдаланып, оның зардаптары бойынша суреттер мен бейнебаяндар көрсетілді. Оның нәтижесінде ағзада адреналин көп бөлініп, жүректің соғуы жиілегенін арнайы құрылғымен тексердік. Сабақта жасалған тәжірибе арқасында тақырып ашылды. Енді Елбасының «Өзекжарды ойлар» кітабындағы қанатты сөздерін қолдануды жоспарлап отырмын. Меніңше, кез келген сабақты Мемлекет басшымыздың еңбектерімен сабақтастыру – оқытудың тиімділігін арттырады, - дейді Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі.
«Әлемді өзгертетін идеялар» республикалық байқауының қорытындысы бойынша бірінші орынға павлодарлық мұғалім Нұрболат Теміровтың әдістемелік әзірлемесі лайықталды. Қазылар алқасының шешімімен күміс жүлде ағылшын пәнін қазақтың патриоттық әндерімен өре білген астаналық Татьяна Машинецке табысталды. Үшінші деңгейлі марапат Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих пәні мұғалімі Амангелді Сатиевке бұйырды.
Шығармашылық сайысқа қатысушылардың барлығына алғыс хаттар және естелік сыйлықтар тарту етілді. Ал байқауда үздік танылған жұмыстар еліміздің ұстаздарына арналған әдістемелік құрал түрінде жарық көреді.


