ЕЛБАСЫНЫҢ БЕЙБІТШІЛІК ІСІНЕ ҚОСҚАН ТАРИХИ ҮЛЕСІ. ОНЛАЙН-ДӘРІС

24 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов Семей медициналық университетінің студенттеріне Тұңғыш Президент күніне және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған онлайн-дәріс өткізді.

Іс-шара университетпен ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.

Дәріске оқу орнының 1000-ға жуық студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.

Саяси ғылымдардың докторы Ә.М. Рахымжанов өз кезегінде Елбасының тәуелсіз Қазақстан елінің қалыптасуы мен дамуы жолындағы ерен еңбегіне тоқталды. Атап айтқанда, Семей ядролық сынақ полигонын біржолата жабу, антиядролық бастама, халықтың рухани мұрасын сақтай отырып, ұлтаралық және  конфессияаралық бірлікті қалыптастыру мәселелері төңірегінде кеңінен баяндады.

Төрткіл дүниемен бейбіт қарым-қатынас орнатып, жаһандық және аймақтық алаңда ашық диалогқа келіп, елімізді ядролық қарусыздандыру жолындағы күресте әлемдік көшбасшылардың қатарына қосқан Тұңғыш Президенттің сарабдал саясатына ерекше назар аударылды.  

– Семейдегі полигонды жауып, ядролық арсеналдан бас тартқан Қазақстан күллі әлемге өзінің бейбітшілікке деген ұшқыр ұмтылысын көрсетті. Мұндай тарихи шешім бірегей және әлемдік тарихта бұрын-соңды болмағандығын да білген жөн. Жақында Қазақстанның және оның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сіңірген еңбегі  БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясында бағаланып, Елбасыға «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» деген жоғары халықаралық мәртебе берілді. ...Тұңғыш Президентіміз заман талабына сай тиімді мемлекеттік басқару құралының негізін қалап, жаңа қазақ билігінің моделін айқындады. Елбасының даналығы мен көрегендігінің арқасында  әлемнің басқа елдерімен тең дәрежеде бәсекеге түсіп, тәуелсіз демократиялық мемлекет құрдық», - деп атап өтті дәріскер.

Сондай-ақ, көрермендерге Елбасы кітапханасының жаңа музейінің экспозициялары туралы бейнеролик көрсетілді.

Іс-шара соңында студенттер өз пікірлерімен бөлісті.

– Аса маңызды тақырыпта ақпараттық дәріс ұйымдастырған Елбасы кітапханасының басшылығы мен университетімізге алғысымды білдіргім келеді. Дәрістің алда келе жатқан мемлекеттік маңызы зор қос мерекенің қарсаңында оқылғаны бізді шын қуантады. Уақытыңызды қиып, пайдалы дәріс оқып, онлайн форматта Тұңғыш Президент кітапханасының жаңа ғимаратында экскурсия ұйымдастырғаныңыз үшін көп рахмет, Әмірхан Мұратбекұлы», - деп сөзін қорытындылады университет студенті Шырын Құсайынова.