ЕЛБАСЫ ЖЕКЕ АРХИВІНІҢ АСА ҚҰНДЫ ҚҰЖАТТАРМЕН ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Жеке архиві Мемлекет басшысының қызметтік, қоғамдық өмір жолын суреттейтін өмірбаяндық, шығармашылық материалдар мен құжаттардың түпнұсқаларынан немесе көшірмелерінен құралған. Жеке архив құжаттары тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан, президенттік институттың, жаңа мемлекет пен елорданың пайда болуынан сыр шертіп, заңнамалық, орындаушы биліктің түрленуін, басқару аппаратының жетілуін, әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамудағы жетістіктерімізді бейнелейді.

Елбасының жеке архивінде сақтаулы құжаттар қалың жұрттың қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Сол себепті, Елбасы кітапханасы ресми сайтының «Жеке архив» бөлімінде көпшіліктің назарына құжаттардың электронды каталогы ұсынылған.

Аталмыш каталогқа кіретін құжаттарды анықтау және жіктеу міндетін Архив жұмысы секторының қызметкерлері атқарады. Іріктелген құжаттар Архив жұмысы және ақпараттандыру қызметінің бастамысымен Елбасы кітапханасы құрған Жұмыс тобының мәжілісінде қарастырылады. Жұмыс тобының құрамында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, Ұлттық архив қызметкерлері бар.

Архив жұмысы секторының қызметкерлері мен Жұмыс тобының мүшелері Жеке архивтің аса құнды құжаттарын мұқият іріктейді. Жеке архив құжаттарының құндылығына келесі белгілер бойынша сараптама жасалады: бұл істе құжаттың мақсаты, түрі мен өзгешелігі, сыртқы ерекшеліктері мен күйі, т.б. маңызды. Қағаз бетінде сақталған әр құжат зейінмен оқылса, фото, аудио, бейне құжаттар да экран арқылы мұқият тексеріледі. Құндылық сараптамасының нәтижесі бойынша тұрақты сақтаудағы құжаттар мен істердің тізімі құрастырылады.

Үстіміздегі жылдың 8-12 қаңтар аралығында Жұмыс тобының кезекті отырыстары өтті. Талқылауға қағаз құжаттарының 296 есеп бірлігі, фото құжаттардың 231 есеп бірлігі ұсынылды. Жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша, аса құнды құжаттардың 11 есеп бірлігі анықталып,  қолжетімді құжаттар қатарына 90 есеп бірлігі ұсынылды. Қаралған фото құжаттардың 141 есеп бірлігі жариялау құқығы бар аса құнды құнды құжаттар қатарына енсе, 143 есеп бірлігі – қолжетімді құжаттар қатарына қосылды.

Бұрын Жұмыс тобы атқарған іс нәтижелері Елбасы кітапханасының Сарапшылар кеңесінде тыңдалса, Ғылыми кеңестің құрылуына байланысты, бұл міндеттер жаңадан құрылған кеңеске артылмақ. Демек, Елбасы Жеке архивінің құжаттарын ғылыми айналымға енгізу бойынша атқарылатын жұмыстың маңызды бөлігі жаңа деңгейдегі жалғасын таппақ.