Елбасы жайлы кітаптар зияткерлік ойынның жеңімпаздарына сыйға тартылды

Күздің қара суығына қарамастан, Оқушылар сарайындағы білім додасы тартысты өтті. Елордалық 8 жоғары оқу ордасының студенттері өздерінің біліп-түйгенін сынға салды. Жастар арасындағы брэйн-рингте «Мемлекеттік қызметшілердің беделін көтеру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» тақырыбы кеңінен қаузалды.

0U3A2623

Зияткерлік сайысқа Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы мұрындық болды.

Жастар қоғамдағы аса маңызды процестердің белсенді қатысушысы саналады. Сіздердің араларыңызда болашақта мемлекеттік қызметші немесе ғалым атанып, туған жеріміздің дамуына үлес қосатындар аз емес. Бүгінгі білім бәйгесі арқасында зерек әрі ұлтжанды студенттер анықталады, - деп қарата айтты жас толқынға Астана қ. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жетекшісінің орынбасары Руслан Тұңғышбаев.

0U3A2646

Маңызды тақырыпты арқау еткен брейн-ринг олимпиадалық жарыс үлгісінде ұйымдастырылған. Жеңіске ұмтылған әрбір құрама тапсырмаларды мінсіз орындап, жеделділік пен дәйектілікті дәлелдеуге тырысты.

Білім бәсекесіне куә болған көрермендер де белсенділік танытты. Жанкүйерлер үшін арнайы викторина өткізіліп, сауалдарға айна-қатесіз жауап бергендерге «Астана» кітап-альбомы тарту етілді. «Кейінгі толқынға маңызды және ауқымды тақырыптарды жастар тілімен жеткізу қажет. «Күрделі туралы түсінікті» қағидасын ұстанған жөн. Департамент тарапынан осы іспетті шаралар жоспарға сәйкес ұйымдастырылады. Бұл - жас қазақстандықтармен ауқымды жұмыс кешенінің бір парасы», - деп шараның мәні мен маңыздылығына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Данияр Райымбаев тоқталды.

0U3A26855

 

0U3A2742

Білім бәсекесінде Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті құрамасының бағы жанды. «Тұран» университетінің студенттері күміс жүлдені еншілесе, үштікті Қаржы академиясының тәлім алушылары түйіндеді.

– Бүгінгі тартысты жарыс - барлық құрамалардың жеңіске деген ұмтылысы. Олардың әрқайсысы жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қадам жасап, біздің мемлекетіміздің жаңғыру жолымен кеңінен танысты. Жастардың бағындыратын асулары әлі алда, - деді жарысқа қатысқандарды құттықтаған Елбасы кітапханасы БАҚ жұмыс жөніндегі сектордың меңгерушісі Гүлмира Кенжебалина.

0U3A2725

Жарысты бағалаған қазылар алқасы жүлдегерлерді грамоталармен марапаттап, Елбасы кітапханасының атынан «Біздің Президент» және «Әлемді өзгерткен сөздер» кітаптарын сыйға тартты.

0U3A2758