«ЕЛБАСЫ ӘЛЕМІ: ТҰЛҒА. САЯСАТКЕР. ЖАСАМПАЗ» АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫ МЕН МАТЕРИАЛДАРЫНЫҢ ЖИНАҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы дәстүрлі рухани азық орындарынан ерек. Биылғы 13 наурызда үш жылға толған мекеме ғылыми-білім беру және ағартушылық орталыққа айналды. Cанаулы жылдар ішінде Кітапхана  тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерделеуге, Президенттің идеялары мен бастамаларын ілгерілетуге, қазақстандық қоғамды дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға сүбелі үлес қосуда.

Кітапхана жастарды тоғыстыратын бірегей сұхбат алаңына да айналды. «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасы аясында 2015 жылдың 1 қазанынан бері 83 семинар-тренинг өткізілді.  Екі күндік дәрістерді 4062 адам тыңдады. 44 жоғары оқу орнымен меморандум құпталып, жастар ұйымдарымен ықпалдастық орнатылған.

Кітапхана  қоры  23 мыңдай басылымды құрайды. 24 экспозициялық аумақ  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев тұлғасын жан-жақты ашып, Елбасының идеялары мен бастамаларын, оның республиканы қалыптастыру мен дамытудағы рөлін, Тәуелсіз Қазақстанның тарихын паш ететін білім беру кешеніне айналған. Оған үш жылдың ішінде 60 000-нан астам мейман куә болған.

Кітапхана қорды толықтыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ден қойған. Бұл бағытта Елбасы жеке архивінің мүмкіндіктері кеңінен кәдеге жаратылады. Өткен жылдың соңында жарық көрген «Елбасы әлемі: Тұлға. Саясаткер. Жасампаз» жинағы – оның бір айғағы. Елбасының жеке қорындағы бірегей архив құжаттарын топтастырған тың басылым тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойына арналған. 272 беттен тұратын жинаққа 152 құжат пен 64 фото енген. Олардың арасында көпшіліктің назарына алғаш рет ұсынылғандары бар.  

– Басылымның басты мақсаты – тұлға, саясаткер, жасампаз іспетті қасиеттер негізінде Елбасының жан-жақтылығын архив құжаттары арқылы кеңінен паш ету, оның тәуелсіз Қазақстанды дамытудағы  рөлін көрсету.  Құжаттар мен материалдар хронология бойынша және тақырыпқа қарай үш бөлімге жүйеленген. Олардың бір бөлігі Қарағанды, Теміртау, Семей, Алматы қалаларында жүргізілген ғылыми-іздестіру экспедицияларында қолымызға түсіп, айналымға алғаш рет енгізіліп отыр, - деді Архив жұмысы және ақпараттандыру қызметінің аға сарапшысы Гүлнар Жақсымбетова.

Кітап Архив жұмысы және ақпараттандыру қызметінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Еран Мағұзұмовтың редакциясымен жарық көрді. Құрастырушылар Архив жұмысы секторының жетекшісі Жангелді Бимолдин және аға сарапшы Гүлнар Жақсымбетова.

Жинақтың бірінші бөлімі Елбасының тұлға ретінде қалыптасуына арналған. Мемлекет басшысының балалық және жасөспірімдік шағымен, Днепродзержинскте білім алған кезімен, Теміртау мен Қарағанды қалаларындағы еңбек жолымен кеңінен танысуға мүмкіндік бар.  

Екінші бөлім Елбасының мемлекеттік және қоғамдық қайраткер, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде қалыптасуы жайлы сыр шертеді. Н.Ә. Назарбаевтың партиялық қызметінен бастап тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен нығаюындағы рөлін ашады.

Үшінші бөлім оқырмандарды Н.Ә.Назарбаевтың идеялары мен бастамаларымен таныстырады. Оның ішінде ядролық қарусыз әлем, елорданы Алматыдан Астанаға көшіру, Этносаралық және конфессияаралық келісім, «Мәңгілік Ел» идеясы, инновациялық бағдарламалар, жасампаз реформалар, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу, «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев зияткерлік мектептері бар.

– Түпдеректерге сілтеме ғалымдардың жұмысы үшін айтарлықтай маңызды. Сондықтан әр құжаттың тұсына шығыс мәліметтерді және тіркеу нөмірін көрсетуді ұйғардық. Жинаққа Мемлекет тарихы институтының өкілдері пікір жазды. Олар жаңа басылымға өздерінің оң бағасын беріп отыр, - деп бөлісті Гүлнар Төлегенқызы.

«Елбасы әлемі: Тұлға. Саясаткер. Жасампаз» жинағының 500 данасы жарық көрді. Басылым Елбасының бастамалары мен идеяларын, оның тәуелсіз Қазақстанды дамытудағы рөлін зерттеушілерге және еліміздің жаңа кезеңдегі тарихына қызығушылық танытатындар үшін пайдалы болмақ.