Елбасы кітапханасының жәдігерлер топтамасының ең құндысы – қазақтың мемлекет және саяси қайраткері, Қазақ хандығының ханы Абылай хан қылышының бөлігі.

Бұл жәдігерді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа Абылай ханның ұрпақтары атынан 2003 жылғы 30 желтоқсанда танымал қазақстандық тарихшы, «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан», «Қазақстанның Ресейге қосылуы» монографияларының авторы Ермұхан Бекмахановтың қызы Нәйлә Бекмаханова табыстады.
Зерттеушілердің мәліметтері бойынша, 1758 жылы Бүкілресейлік патшайым Елизавета I Орта жүз ханы Абылайға сыйлықтар мен хандықтың белгілерін, оның ішінде әшекейленген қылышты жолдаған екен.
Кейіннен Абылай ханның немересі сұлтан Шыңғыс Санкт-Петербургтегі III халықаралық шығыстанушылар конгресінің көрмесіне қазақ қолөнерінің этнографиялық бұйымдарын береді. Олардың арасында Абылай хан мен оның әкесі Уәлидің жеке заттары, соның ішінде Елизавета сыйлаған қылыш та болған.
Бұл заттың одан әрі тағдыры бұлыңғыр: қылыш бөлігінің қайтадан Орталық Азиядан табылғаны және неге сынғаны белгісіз.
Нәйлә Бекмаханова өзінің «Мифтер. Сиқыр. Ғылым» кітабында қылыштың бөлігін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі Абылай ханның қабіріне барған кезде алғандығын жазады.

Қылыштың жүзі мен сабының жоғарғы бөлігі сақталған. Төменгі жағы сынған. Қылыштың бір жақ жүзінде алтын белгімен ойылған жазу бар: «Божіею милостію Елисавета Первая Імператрица и Самодержица Всероссіиская пожаловала сею саблею подданного своего Киргисъ Касацкого Аблай Солтана за его върную службу въ Санкт Петербургъ 1758 года».

Екінші жағында араб графикасына ұқсас мазмұндағы «шағатай тілінде» жазу бар. Жазбалар жоғарыдан төмен қарай сап жағына қарай оқылады. Жазуы бар металл жұқа алтын сынтемірмен ойылған. Алайда оның ұшқыны да сақталмаған.
Қазіргі таңда Абылай хан қылышының бөлігі Елбасы кітапханасының ең құнды жәдігерлерінің бірі болып саналады. Музейге келушілер атадан мұра болып қалған бағалы жәдігерге қызыға қарайды.