Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан жолы: жетістіктер және жаңғыру ізімен» халықаралық ғылыми-білім беру жобасы бастау алды. Жобаның мақсаты – Қазақстанның жаңғырту моделін жан-жақты және кешенді талдау.
Республиканың мемлекеттік бағытының идеологиялық негізін бейбітшілік, ізгілік пен әділдік сынды жалпыадамзаттық құндылықтар құрайды. Бұл үдерістегі маңызды рөл теңдессіз даму жолындағы жаңа мемлекет – тәуелсіз Қазақстанның сәулетшісі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа тиесілі.
«Қазақстан жолы: жетістіктер және жаңғыру ізімен» халықаралық ғылыми-білім беру жобасының негізгі міндеті Қазақстанды жаңғыртудың маңызды постулаттарын ашу, Қазақстанның белсенді сыртқы саясатын талдау, тыныс-тіршіліктің барлық салаларын қозғайтын және Қазақстанның басқа мемлекеттермен өзара іс-әрекет жасаудағы негізгі тәсілді құрайтын халықаралық, өркениетаралық диалогтың қағидаттары мен санаттарын түйіндеу болып табылады.
Жоба аясында алғаш рет онлайн-форматтағы семинар-тренингтер циклі Каменск жоғары кәсіби училищесінің (Украина), Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің (Бішкек қ.), Өзбекстан ұлттық университеті (Ташкент қ.), М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің (Уфа қ.), Әзербайжан техникалық университетінің (Баку қ.) студенттерінен құралған тыңдаушылар үшін өткізілетін болады.
22 ақпанда М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының студенттеріне арналған онлайн семинар-тренинг өтті.
– Сәлеметсіздер ме, құрметті достар! «Қазақстан жолы: жетістіктер және жаңғыру ізімен» семинар-тренингінің алғашқы тыңдаушыларымен жүздескеніме қуаныштымын. М. В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалы мен Елбасы кітапханасын көпжылдық достық пен ынтымақтастық байланыстырады. Біз бірлескен ғылыми конференциялар, кездесулер өткіздік. 2018 жылы біздің мекемелер арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 1994 жылы ММУ студенттері алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Еуразиялық интеграция идеясын жария етті. Сол кезден бастап Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің саяси лексиконына еуразияшылдық, еуразиялық кеңістік, еуразиялық интеграция ұғымдары енді. ММУ Қазақстандық филиалы да Мәскеу университетінің құрметті профессоры және докторы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бастамасымен құрылды, – деп атап өтті Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова өзінің құттықтау сөзінде.
Семинар барысында Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің қызметкерлері «Тәуелсіздік дәуірі», «Төртінші өнеркәсіптік революция», «Адамзат дамуына қосқан үлес: Ұлы даланың жеті қыры. Бәсекеге қабілеттілік – Қазақстан Республикасының ХХІ ғасырдағы жетістігінің кепілі» тақырыптарында дәрістер өткізді. Ал тренинг жұмысында студенттер өз жобаларын жасады.
Сондай-ақ қатысушыларға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы кітапханасының қызметі туралы бейнеролик көрсетілді.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Қазақстан жолы: жетістіктер және жаңғыру ізімен» онлайн- семинары барлығымыз үшін танымды да тағлымды болды. Дәріс барысында біз секілді егемен елдің жастары ретінде цифрландыру бағытында қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміз туралы мол ақпарат алдық. Тренинг барысында білім көкжиегімізді кеңейтіп, жобалық жұмыстарды жүзеге асырдық. Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне осындай қызықты семинар-тренинг үшін алғысымды білдіремін, -деді М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалы «Экономика» бағытының 3 курс студенті Жәмилә Бейсенбаева.


