ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ВЕБИНАРЛАРЫ ЖАҢА БІЛІМГЕ ЖОЛ АШАДЫ

15-30 қыркүйек аралығында Елбасы кітапханасының қызметкерлері М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттеріне, сондай-ақ Қызылорда және Ақтөбе облыстарының жалпы білім беретін мектептерінің оқушыларына «Болашаққа жол өзіңнен басталады» тақырыбында вебинар-тренинг өткізді.

 

Екі күндік онлайн-семинарлар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың жаһандық идеялары мен стратегиялық бастамаларын ілгерілетуге бағытталған. Білім беру бағдарламасы мемлекеттік бағдарламалық мақалалар мен Қазақстан халқына Жолдауларды қамтиды. Оны танымдық дәрістер мен қызықты практикалық тренингтер арқылы түсіндіреді. Оған қоса, дәрістер уақытылы жаңартылып, өзекті ақпаратпен толықтырылады. Мәселен, алдағы уақыттағы оқу бағдарламасына Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Семей полигонының жабылуы және бірінші Президент сайлауы тақырыптары енгізілген.

 

«Мен «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингіне қатысқаныма өте қуаныштымын. Елбасы кітапханасына алғысым шексіз. Оқу барысында ел тарихының маңызды тақырыптары көтерілді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және бүкіл халықтың Қазақстанның дамуына қосқан үлесі туралы айтылды. «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру», «Туған жер» және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар баяндалды. Тарихқа терең үңілуімізге, қазақ және ағылшын тілдерін үйренуге деген құштарлығымызды арттыруға шығармашылық шабыт берген жақсы спикерлер мен дәріскерлерге ерекше алғыс айтқым келеді. Мен үшін бұл екі күн өте жемісті болды, болашақта осы алған білімім үлкен пайда әкелетініне сенімдімін», – деп ой бөлісті А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ студенті Мария Спринчан.