ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҰЖЫМЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

2022 жылғы 8 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ағымдағы жылдың 16 наурызында жариялаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.

Кездесуді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ашты.

«Жолдауда айтылған бастамалар ел дамуының жаңа кезеңін белгіледі. Жаңа Қазақстанды құру стратегиясы ел тәуелсіздігінің бүкіл кезеңінде дәйекті түрде жүргізілген жаңғырту ісіне қуатты серпін беріп, мемлекетті демократиялық тұрғыда дамытпақ», - деді Б.Темірболат.

Стратегиялық құжатты талқылауда жиынға қатысушылар алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудың жолдарын ортаға салып, Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өткізілген жалпыхалықтық референдумның қорытындысын талқылады.

Атап айтқанда, мемлекеттің саяси жүйесін реформалауға бағытталған ұсыныстар кешеніне назар аударылды.

Елбасы кітапханасының ұжымы жоспарланған реформалардың маңыздылығын тілге тиек етіп, Мемлекет басшысының саяси бағытын қолдауға дайын екенін көрсетті.