Елбасы кітапханасы Музейінің жинақтары кезекті түсімдермен толықты. Атап айтқанда, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевқа ресми кездесулер барысында мемлекет және үкімет басшыларының, дипломаттардың, қоғам қайраткерлері мен қарапайым халық азаматтарының тарту еткен жәдігерлері бүгінде көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Олардың қатарында «Святковий» (Украина) пикник жинағы, «Cloisonne» өнімі (Жапония) – кәдесыйлық тәрелкесі бар.
«Святковий» жинағын Мемлекет басшысына Днепродзержинск қаласының әкімі А.Л. Белорусов қаланың сыйлы азаматы ретінде 2017 жылы сыйлаған. Жинақ әлемге әйгілі петриков жазуының озық үлгісімен орындалған.
ХІХ ғасырда пайда болған петриков жазуы әлі күнге дейін Украина мен Днепропетровск облысының басты нышаны болып қала бермек. Ол өзіндік ою-өрнектерімен, ашық түстері мен жұмсақ бейнелерімен көз еліктіреді. Бұл өнердің атауы Днепропетровск облысы Петриков ауылымен тығыз байланысты. Көне заманда петриков жазуымен киім-кешек, ыдыстар, музыка аспаптары мен үй қабырғалары безендірілген. Халық арасында оның тіл-көзден сақтайтын қасиеті бар деп саналған.
Көркем техникадағы өсімдіктердің де орны бөлек: кекіре, ақкекіре, раушан, нарғызгүл секілді басқа да гүл түрлерін шебер жұмыс барысында бейнелеп отырады. Қабырғалар мен кенептердің, ыдыстардың бетінен сұлулық пен рухтың ерекше әлемі сезіледі. Петриков жазуының өнері әу баста қабырға кескіндемесі ретінде дами бастағанымен, кейінде қағаз, керамика, ағаш бетіне көшкен.

Қылқаламды шеберлер мысықтың жүнінен жасайды. Мұндай құралдың арқасында бояу бір қалыпты жағылып, оюлар тиянақты орындалады. Кей кездері сурет саусақ ұшымен де салынады. Суреттің өзі сазбен, табиғи бояғыштармен, май немесе акварель бояумен, сүт, спирт, сарыуыз қосылған гуашьпен орындалады. Табиғи бояумен салынған суреттер жүз жылдай уақыт сақталып, еш құртылмайды.

Петриков жазуы ЮНЕСКО-дағы адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Оның өрнектері туған жерге деген шексіз махаббатты бейнелейді. Петриков жазуы өнер қауымының жүрегінен орын тауып, дарынды шеберлердің есімін әлемге паш етті.
«Cloisonne» өнімінің кәдесыйлық тәрелкесін Жапония парламенті депутаттарының қауымдастығы атынан Өкілдер палатасының депутаты Такэо Кавамура тарту етті. Елбасыға 2017 жылы табысталған сыйлық «Қос мемлекет арасындағы достық үшін» берілген.
«Клуазоне» сөзі (жапонша «сиппо» - «жеті қазына») эмальдалған металлдан күрделі өрнектері бар бұйым жасау техникасын білдіреді. Қалқалы эмальмен жұмыс барысында металл бетіне сым орнатылады. Сымдар арасында пайда болған ұяшықтарға шыны тәріздес сұйықтық, яғни эмаль құйылады.

Оттан шыққан бұйымның беті жақсылап қырналады. Нәтижесінде металл мен эмальдың беті тегістеліп, бір-біріне жалғасқан сымдар белгілі бір ою құрады. Эмальдау әдісінің бұл түрі Жапонияда кең тараған. Металл ретінде көбінде алтын қолданылады, ал күміс пен мыстың пайдаланылуы сирек жағдай. Әуелі металлға әшекей жалатылып, бетіне түрлі бояулар жағылады. Қорғайтын қабат ретінде соңында түссіз эмаль жалатылады.

Жапонның «сиппо» сөзі – Лотос сутрасынан алынған буддалық термин. Ол алтын, күміс, лазурит, тридакна қабыршағы, агат, коралл, сутас, кейде інжу мен биотит секілді жеті қазынаны білдіреді. Клуазоне бұйымдарының қымбаттылығы буддалық жеті қазынадан кем емес.
Клуазоне тарихы аталмыш техникада орындалған Тутанхамонның алтын бетпердесінен бастау алады. Эмаль Жапонияда VI-VII ғасырда, Қытай мен Корея арқылы пайда болды. Бұл техникада орындалған ең көне жапон туындысы – сыртқы беті эмальмен әшекейленген айна. Бүгінде ол Тодайдзи ғибадатханасының (Нара қаласы) Сёсоин қазына қоймасында сақтаулы тұр.
Клуазоне эмалі Жапонияда XVII ғасырда шарықтай бастады. Ол кезде аталмыш техника жапон қылыштарын әшекейлеуде кең қолданылды. Мэйдзи дәуіріндегі (1868-1912 жж.) клуазоне өнерінің жоғарғы деңгейі әлі күнге дейін қайталанбас болып есептеледі.