ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ТОПТАМАСЫ. ҚҰРМЕТТІ ЛЕГИОН ОРДЕНІНІҢ ҮЛКЕН КРЕСІ

Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы достық қатынастарының  негізі 1992 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың осы елге ресми сапары кезінде қаланды. Сол кезде достық, ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы шартқа қол қойылды, соның нәтижесінде екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстар кеңейіп, экономика, мәдениет, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық артты. 2008 жылы Н.Ә. Назарбаевқа Құрметті легион орденінің Үлкен кресі табыс етілді.  

Құрметті легион ордені – Францияның ең жоғарғы наградасы. Бұл орден бейбіт және соғыс уақытында ел алдында еңбегі сіңген әскери немесе азаматтық саладағы адамдарға беріледі, сондай-ақ басқа мемлекеттердің азаматтарына берілуі мүмкін. Орденді 1802 жылғы 19 мамырда Наполеон Бонапарт рыцарь ордендерінің үлгісі бойынша бекіткен. Кодекске сәйкес, бұл құрметті ұйым заңды тұлғаның мәртебесі мен құқығын иемденіп, республикаға елеулі қызмет еткен ең лайықты азаматтарды біріктірді. 1804 жылы алғашқы награда тапсырылып, әртүрлі дәрежедегі ордендерді жеті мыңға жуық адам, соның ішінде, көбіне әскери қызметкерлер алды.

Орден бейнесі бірнеше рет өзгертілді, қазіргі түрі 1870 жылы бекітілді (кейінірек аздаған өзгерістер енгізілді). Ортасында республиканың символы іспетті Марианнаның әйел пішіні бейнеленген алтын мойынтұмар бар. Медальон «Француз Республикасы» деген жазуы бар көк эмаль сақинасымен қоршалған. Белгінің сырт бетіндегі шеңберде айқасқан жалау мен байрақ орналасқан, оның айналасында  орденнің «Құрмет және Отан» ұраны мен оның құрылған күні «X жылдың 29 жұлдызы» (1802 жылғы 19 мамыр) жазылған.

Орденге қатысты барлық мәселелерді 4 жыл мерзімге Франция Президенті тағайындайтын Ұлы канцлер басқаратын орден  Кеңесі (15 командор, 1 офицер және 1 кавалер) шешеді. Кеңес орденнің түрлі дәрежелерімен марапаттауға ұсыныстарды қарайды, кандидатураларды іріктеп алады және оларды Ұлы канцлердің бекітуіне ұсынады. Орденді беру туралы Жарлықтарға орденнің Ұлы магистрі болып табылатын Франция президенті қол қояды, ол осы наградаға қатысты соңғы сатыда дербес шешім қабылдауға құқылы.