20 қазаннан бастап Тұңғыш Президент күніне арналған іс-шаралар кешені аясында Елбасы кітапханасында тағлымы мол тақырыптық экскурсиялар өткізілуде.
Экскурсиялар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды – ара қашықтықты және бетперде режимін қатаң сақтай отырып жүргізілуде.
Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінің сарбаздарына «Тұлғаның қалыптасуы» атты тақырыптық экскурсия өткізілді. Экскурсия барысында сарбаздарға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен саяси қызметі арқылы тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген еліміздің жетістіктері таныстырылды. Сондай-ақ сарбаздар Тұңғыш Президент тұлғасының қалыптасу кезеңіне саяхат жасап, заманауи экспозициялық шешімдердің, жәдігерлердің және мұрағаттық құжаттар кешенінің көмегімен Елбасы өмірбаянындағы тың деректермен танысты. Алғы сөз аймағындағы «Елбасыға бастар жол» атты бейнесаяхат экскурсанттарды бей-жай қалдырмады.
Экскурсия соңында сарбаздар алған әсерлерін электронды қабырғада жазып қалдырды.
«Заманауи музей, көптеген технологиялық жаңашылдықтар мұрағат құжаттарымен, музей жәдігерлерімен тамаша үйлесім тапқан. Өте қызықты және танымдық экскурсия болды. Маған ақпаратты жеткізу тәсілі ұнады. Экскурсияның басындағы кіріспе шоу өте қызықты әрі патриоттық сезімді оятады. Біз экскурсия жүргізушілеріне және осындай мүмкіндік жасаған мекеме басшылығына ризашылығымызды білдіреміз», - деп ой бөлісті 5573 әскери бөлімінің сарбаздары, ағайынды Долгополовтар.
Елбасы кітапханасы музейінің оң жалғалауда орналасқан ғимаратында елордадағы №38 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушыларына «Тәуелсіздік бастауында» тақырыптық экскурсиясы өткізілді. Жасөспірімдерге қазақ халқының егемендік пен тәуелсіздік алуының күрделі жолы, тұрақты, табысты заманауи мемлекетті құрудағы алғашқы тағдыршешті жасалынған қадамдар жайлы баяндалып, мол мәлімет берілді.

