ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ СЕМИНАРЫНА УКРАИНА ТЫҢДАУШЫЛАРЫ ҚАТЫСТЫ

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Украинадағы Каменское қаласының жоғары кәсіби училищесінің жастарына онлайн-семинар өтті. Бұл оқу орнында Нұрсұлтан Назарбаев 1958-1960 жылдары білім алған болатын. Іс-шара «Қазақстан жолы: жетістіктер мен жаңару жолы» халықаралық ғылыми-білім беру жобасының аясында өтті.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова тәуелсіз Қазақстан тарихы мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызмет жолындағы маңызды кезеңдерге тоқталды.  

«1994 жылы, училище бітіргеннен 34 жыл өткен соң, Нұрсұлтан Назарбаев үлкен өмірге жол төсеген ордаға жүрегінен орын алған жандарды көруге қайта келген болатын. Бұл азаматтардың қатарында топтастарынан бөлек, білім берген ұстаздары болды. Атап айтқанда жалпы металлургия оқытушысы Нина Быковскаяны, күрес тренері Лев Ежевскийді көріп қуанған Елбасының ұстаздарын Қазақстанға қонаққа шақырғаны белгілі. Жастық шақтың қаласына келген Нұрсұлтан Әбішұлының қуанышы мен толғанысын Елбасы кітапханасы архивінде сақтаулы тұрған суреттерден байқауға болады», - деді Б.Қайыпова.

Днепродзержинск (қазіргі Каменское) училищесінде Нұрсұлтан Назарбаев көрікші мамандығын меңгерген болатын. 1960 жылы ол оқу бітірумен қатар Украина спорт шебері атанды. Каменское қаласы жоғары кәсіби училищесінің музейінде домна пешінің көрікшісі мамандығына Нұрсұлтан Назарбаевты қабылдау жөнінде №2 бұйрық сақтаулы тұр. Дәл осы жерде сақтаулы тұрған №8 техника училищесі студенттерінің кітабынан Нұрсұлтан Назарбаевтың оқу бітіргенін растайтын жазба мен Қарағанды халық шаруашылық кеңесіне қызметтік жолдамасын көруге болады.

Онлайн-семинардың кезінде тыңдаушылардың назарына Елбасы кітапханасының қызметі туралы бейнефильм ұсынылды. Жастар «Тәуелсіздік дәуірі», «Төртінші өнеркәсіптік революция», «Адамзат дамуына үлес: Ұлы даланың жеті қыры», «Бәсекеге қабілеттік – ХХІ ғасырдағы Қазақстан Республикасының табыс кепілі» дәрістеріне қатысты. Жұмыстың нәтижесі ретінде оларға Елбасы кітапханасының семинар-тренингіне қатысқанын растайтын сертификаттар беріледі.

Каменское қаласының жоғары кәсіби училищесінің студенттері семинардан алған әсерімен бөлісті:

Илона Чмыхова, 2 курс студенті: «Тренинг жоба дайындауды үйретуімен қатты ұнады. Онлайн формат қонымды болғанымен, Қазақстанға қазақ халқының мәдениетімен және дәстүрлерімен танысуға келсем деймін».

Илья Пономаренко, 4 курс студенті: «Қазақстан мәдениеті – ежелгі Еуразия халқының бай мұрасы. Бүгін мен Қазақстанның өміріне қатысты біраз ақпарат жинадым, жақсы сурет түсірдім. Мұның бәрімен міндетті түрде әлеуметтік желілерде бөлісетін боламын».

Александр Смык, 2 курс студенті: «Семинар Украина мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты сан алуан қырынан ашты. Өзіме жеке тұлғаны дамыту тренингі пайдалы болды. Таптырмас тәжірибені болашақта қолдансам деймін. Мұндай құнды ақпарат көпшілікке таралуы тиіс деп ойлаймын».

Тамара Плохая, директордың орынбасары: «Достық көпірі құрған Елбасы кітапханасына өте ризамын. Сол көпірдің арқасында студенттеріміз жобалаудың қажетті дағдыларын игерді. Қос мемлекеттің тарихына қатысты көптеген мәліметтер ортаға салынды. Кітапхананың онлайн-семинары елдеріміздің, ұлттарымыздың, мәдениеттеріміздің ынтымақтастығын сақтауда маңызды құрал».

«Қазақстан жолы: жетістіктер мен жаңару жолы» халықаралық ғылыми-білім беру жобасы жаңғырудың қазақстандық моделін жан-жақты талдауды көздейді. Жобаның басты міндеті –  қазақстандық жаңғырудың алғышарттарын айқындау, Қазақстанның сыртқы саясатын талдау, халықаралық, өркениетаралық байланыстың қағидаларын жүйелеу.

Бүгінде Елбасы кітапханасы «Қазақстандық жол: өркендеу және жаңару жолы» онлайн-семинарын Әзірбайжан, Башқұртстан, Қырғызстан және Өзбекстан студенттеріне арнап ұйымдастыруды жоспарлап отыр.