ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ САРАПШЫЛАРЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖАҢА ЖОЛДАУЫ ТУРАЛЫ

10 қаңтарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды.

Онда еліміздің 2018 жылғы даму бағыттарының 10 басымдықтары қамтылған.

«Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет. Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ол, бірінші кезекте, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс. Мұның өзіндік сын-қатерлері де, мүмкіндіктері де бар. Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімдімін», – деп Президент Жолдауында ерекше атап көрсетті.

Мемлекет басшысы қаржы секторын «қайта жаңғырту» туралы айтты. «Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс», – делінген құжатта.

Елбасы білім берудің жаңа сапасына тоқталғанда, қазақстандықтардың болашағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде екенін қайталап айтты.

Президент 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасауды тапсырды. 2019 жылдан 10–11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіруді де ескертті.

«Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады. Кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты таңдай алады, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндігі болады. Қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады», – делінген Жолдауда.

Президенттің жаңа стратегиялық құжатымен танысқан Елбасы кітапханасының қызметкерлері Жолдауға бірауыздан қолдау көрсетті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, саяси ғылымдарының докторы, профессор Ләйла Иватова:

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында бүгінде Қазақстанның алдында тұрған 10 негізгі міндеттерге ерекше назар аудартты. Индустрияландыру, «ақылды» және цифрлық технологияларды енгізу, ресурстық әлеуеттерді дамыту, адам капиталы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесімен қамтамасыз ету сынды маңызды басымдықтар анықталды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы осы міндеттерді жүзеге асыруда «біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісімге» иек артады.

Ұлтымыздың жетістіктерінің маңызды факторлары материалдық ресурстар емес, адам капиталы мен бәсекеге қабілеттілікті дамыту болып табылады. Елбасымыз ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әр жеке адамның бәсекеге қабілеттілігі арқылы, яғни адам капиталын, мемлекеттік тілді дамыту, тұлғалық сана-сезімді, қазақстандық патриотизмді, Отанға деген сүйіспеншілкті арттыру арқылы қол жеткізуге болатынын айтты.

Бүгінде мораль, құқық, дін және қоғамдық сананың басқа түрлерімен байланысы жоқ ешбір маңызды әлеуметтік мәселе жоқ. Рухани санаға бейімделмей және жаңаша ақиқатты түйсінбей дамыған елдердің ортасынан лайықты орын алу мүмкін емес, – деді Мемлекет басшысы.

Белгілі болғандай, рухани сананы жаңғырту үшін биліктің өзіне демократияға қарай жаңғыру, қабылданған шешімдер тиімділігі үшін қоғам алдындағы айқындық пен жауапкершілік қажет. Бұл бағытта Мемлекет басшысының бастамаларымен Қазақстанда заңнамалық және атқарушы билік өздерінің өкілеттіліктерінің бір бөлігін беру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Президент мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жақсарту міндеттерін қойды. Себебі биліктің барлық құрылымдарына қоғамның сенімін күшейту, азаматтық қоғамның одан әрі дамуы осыған байланысты.

12794811_1079445815455122_273540064749576514_o

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының Геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметінің аға ғылыми қызметкері Қазбек Майгелдінов:

– Жолдаудың маңызды міндеттерінің бірі – көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру. Қазақстан бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолы дәлізінің құрылысын толық аяқтады. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде Жібек жолы Экономикалық белдеу жобасымен Қазақстан транзит торабына айналды. Демек, интеллектуалды көліктік жүйелерді одан әрі енгізу көлік легін тиімді басқаруға және көлемді пайда табуға мол мүмкіндік береді.