ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ» СЕМИНАР-ТРЕНИНГІ ӨТТІ

2018 жылдың 19 қыркүйегінде Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында Атырау мұнай және газ университетінің студенттеріне арналған «Рухани жаңғыру: Болашаққа бастар жол» семинар-тренингі өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов өзінің алғы сөзінде:

– 800-ден астам бірегей жәдігерлер мен құнды құжаттарды ұсынған қор көрмесі Елбасы кітапханасының көшпелі көрме жобасының басты оқиғасы болып отыр. Көрме Қазақстанның үдемелі сыртқы саясатын әлемдік деңгейдегі саясаткер Н. Ә. Назарбаевтың биік беделінің жемісі ретінде таныстырады. Сыртқы саясаттың көпвекторлығы дипломатиялық тартулармен, жеке жазбалармен, архив материалдарымен ұсынылған. Олардың қатарында кез келген қақтығыс пен түсініспеушіліктен азат әлемді қалыптастыру ісіндегі Н. Ә. Назарбаевтың ерен еңбегін мойындаған шетелдік мемлекет және үкімет басшыларының жеке құрмет белгілері де бар. Бұған қоса, жоба ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық іс-шараларын, сондай-ақ Атырау облысының аудандарына көшпелі экскурсияларды ұйымдастырады. Біздің атыраулықтар мен қала қонақтарының жылы қабылдауына, жүрек жарды тілектеріне деген алғысымыз шексіз, – деді Әмірхан Мұратбекұлы.

Әмірхан Мұратбекұлы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Әли Әбішевке Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбековтің атынан алғыс хатты табыс етті.

Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Әли Әбішев өз кезегінде Елбасы кітапханасының басшылығы мен Әмірхан Рахымжановқа өз алдына іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді:

– Біздің университеттің оқытушылары мен студенттері қор көрмесі мен ҚР Мемлекеттік Күзет қызметі Президенттік оркестрінің мерекелік концертін тамашалады. Іс-шарадан алған әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бүгін оқытушылар, кафедра меңгерушілері, факультет декандары мен 60-тан аса белсенді студенттеріміз семинар-тренингке қатысып отыр. Семинардың тақырыбы өте маңызды әрі өзекті екені сөзсіз. Елбасының өмірі мен қызметі өскелең ұрпаққа үлгі болады деп сенемін.

Білім ордасының басшысы студенттерді түрлі конкурс, семинар, фестиваль мен жобалар секілді университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысуға шақырды. Адами капитал – бұл ең алдымен үнемі дамып отыратын әрбір азаматтың ерекше білім, қабілет пен дағдыларының жиынтығы.

Н. Ә. Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын зерттеуге бағытталған семинар-тренингтер Елбасы кітапханасында 2015 жылдың қазанынан бастап өткізіліп келеді. ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласының негізінде Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері – философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Тұрысбеков және тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердіғұлова әзірлеген семинарлар мақаланың басты ережелерін түсіндіруге бағытталған. «Бәсекеге қабілеттілік – ХХІ ғ. ұлт жаңғыруы», «Қазақстанның тарихи жолы мен эволюциялық дамуы», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Ашық сана – болашаққа жол» дәрістері рухани жаңғыру жөнінде жүйелі түсінік берді.

Атырау мұнай және газ университетінің үшінші курс студенті Әділбек Шайдуллин бірге оқитын достарымен бірге 2017 жылы Елбасы кітапханасының екі күндік семинар-тренингіне қатысқан екен.

– Сағынтай Кеңесқызы мен Елбасы кітапханасының дәріскерлерін көргенде, байырғы достарымды көргендей қатты қуандым. Сағынтай Кеңесқызы – өте білімді әрі түсінігі терең жан. Өткен жылы біз «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» дәрісі мен тренингіне қатысқанбыз. Дәріс барысында «Мәңгілік Ел» идеясының Қазақстан тарихында ең алғаш қашан пайда болғаны туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Шынында да, бұрын ешқандай кітаптарда кездестірмеген біз үшін тың деректер алдық. Елбасы кітапханасының қызметкерлері жүргізген тренингтер, топтық ойындар мен психологиялық жаттығулар, тәжірибелік сабақтар алған білімдерімізді нақты тәжірибе жүзінде бекітуге және лидерлік қасиетті дамытуға мүмкіндік берді. Бүгінгі семинарда өзімізді мүлдем басқа ортада сезіндік. Тренингтердің арқасында білімім тереңдеп қана қоймай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәнін жете түсінетін студенттер қатарының көбейетіні қуантады. Елбасының идеялары мен бастамалары жөнінде көп білуге тырысамын. Қашанда қызықты әрі көңілді өтетін тренингтердің келесі кезегін асыға күтемін. Мен семинар-тренингтерден шабыттанып, мол қуат алып шығамын.

Семинарлар Атырау облысы оқу орындарының қызметкерлеріне білім беру және мәдени-ағартушылық салаларында жастармен жұмыс жасаудың жаңа технологияларын ұсынды.

Семинардың соңында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова бәсекеге қабілетті Қазақстанның дамуында жастардың рөлі зор екенін атап өтті:

– Қазақстанның болашағы жастардың қолында деген Қазақстан Президенті сөздерінің үлкен мәні бар, сол себепті де жастарымыз ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, прагматизм қағидаларын басшылықта ұстап, бүгінгі жаһандық әлемнің толқынында білім алуға ұмтылулары тиіс.