ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ «Н.НАЗАРБАЕВ – ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ СӘУЛЕТШІСІ» БЕЙНЕКӨРМЕСІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Еуразиялық экономикалық одақтың құрылу тарихына арналған «Н.Назарбаев – еуразиялық интеграцияның сәулетшісі» атты виртуалды бейнекөрме дайындады. Мұнда Елбасы қызметінің призмасы арқылы аймақта экономикалық интеграцияға серпін берген халықаралық ұйымның дүниеге келуі мен нығаюының негізгі кезеңдері баяндалады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық интеграция идеясын алғаш рет 1994 жылғы 29 наурызда М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жария етті. Бейнекөрме қатарында Елбасының бірыңғай экономикалық кеңістік пен бірлескен қорғаныс саясаты негізіндегі Еуразиялық одақты жасақтау туралы бастамасының ғылыми қоғамдастық тарапынан үлкен қолдауға ие болған сол бір тарихи күннің фотосуреттері  ұсынылған.

Елбасы өзінің  «Ғасырлар тоғысында» кітабында былай деп еске алады: «... Мұндай бастаманы Ресейдің ең ежелгі университетіндегі ғылыми элитаның бірден құптайтындығына сенгенмін. Қателеспеппін. Сол бойда-ақ бір топ ғалымдар бұл ұсынысты қызу қолдады».

Бұдан басқа, көрермендер бейнематериалдан 2001 жылғы 31 мамырда Минск қаласында өткен Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық кеңесінің I отырысынан кадрларды, сондай-ақ 2006 жылдың 15-17 тамызында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен өткен ЕурАзЭҚ бейресми саммитінің фотосуреттерін тамашалай алады.

ЕурАзЭҚ қатысушыларының әрбір кездесуі не отырысы дамудың жаңа сапалы деңгейіне өтуді білдіретін ұйым өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Бейнекөрменің экспонаттары арасынан естелік кәдесыйларды көруге болады: Мәскеу делегациясының «Василий Блаженный шіркеуі» қобдишасы, номиналы 500 теңгелік «ЕурАзЭҚ елдерінің астанасы» коллекциялық монетасы, «ЕурАзЭҚ» маркасы, «Еуразиялық экономикалық одақ» естелік медальдар жиынтығы, сондай-ақ «Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық бастамалары» кітабы және басқа да жәдігерлер.

Ұйым жұмысындағы тарихи кездесулер, атап айтқанда 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою салтанаты, 2016 және 2018 жылдардағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы фотосуреттерінің алар орны ерекше.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер – Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы.

2019 жылғы 29 мамырда Елбасының Еуразиялық интеграция туралы идеясының 25 жылдығына және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығына орай ЕАЭО-тың мерейтойлық саммиті өтті. Осы іс-шара барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті Төрағасы» атағы бірауыздан берілді.