2018 жылдың 17 қыркүйегінде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттеріне арналған Елбасы кітапханасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бастар жол» семинар-тренингі өтті.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы Абзал Тәлтенов Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауоваға, Елбасы кітапханасының басшылығы мен Әмірхан Рахымжановқа өз алдына іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

– Бүгінгі семинар-тренинг ауқымды ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық, сондай-ақ Атырау облысы бойынша көшпелі экскурсияларды қамтитын «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында өтіп жатыр. Осындай жобаның біздің оқу орнымыздан бастау алғанына өте қуаныштымыз.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов өзінің алғы сөзінде:

– Армысыздар, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласына арналған «Рухани жаңғыру: Болашаққа бастар жол» семинар-тренингіне қатысушылар! Өткен жылдың 12 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саяси және экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, сондай-ақ оның негізіне айналған қоғамдық сананы жаңғыртудың озық міндеттерін ұсынған болатын. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық мақаласында, ең алдымен, болашақ қазақстандықтың бейнесін айқындап берді. «Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлігін нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді игерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық жан», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дәл осы пайымдаулары болашақ табысты, яғни Сіздердің қалыптасуларыңыздың формуласына айналуы тиіс.

Әмірхан Мұратбекұлы шараның қатысушылары қойған көптеген сұрақтарға жауап берді, сондай-ақ Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы Абзал Тәлтеновке Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбековтің атынан алғыс хат табыс етті.

Н. Ә. Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын зерттеуге бағытталған семинар-тренингтер Елбасы кітапханасында 2015 жылдың қазанынан бастап өткізіліп келеді. ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласының негізінде Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері – философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Тұрысбеков және тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердіғұлова әзірлеген семинарлар мақаланың басты ережелерін түсіндіруге бағытталған. «Бәсекеге қабілеттілік – ХХІ ғ. ұлт жаңғыруы», «Қазақстанның тарихи жолы мен эволюциялық дамуы», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Ашық сана – болашаққа жол» дәрістері рухани жаңғыру жөнінде жүйелі түсінік берді. Елбасы кітапханасының қызметкерлері – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Исинова мен жетекші сарапшы Ақбота Хамитова ұйымдастырған топтық ойындар мен психологиялық жаттығулар, тәжірибелік сабақтар сынды тренингтер алған білімдерін нақты мысалдармен тәжірибе жүзінде бекітуге үлкен мүмкіндік берді.

Тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердіғұлова семинар барысында қатысушылар қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде жүйелі түсінік алатынын айтып өтті:
– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын құруға бастама жасады. Менің ойымша, бұл Елбасы ұсынған ең маңызды жоба болмақ. Жоба әрбір қазақстандықтың біліміне, дүниетанымына, әлеуметтік жағдайына қарамастан өз тарихы мен мәдениетіне, туған елінің киелі жерлерін тұла бойымен сезініп, бағалай білуі қажет екенін меңзейді. Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандар картасы ежелден қазақ халқының құндылығы болып саналатын әрі ұлттық бірлігіміз бен жаңғыруымыздың нышанына айналған табиғи және мәдени мұраларымызды аса қастерлейтін ескерткіштеріміздің қатарына қосуымызға мүмкіндік береді.

Семинарлар Атырау облысы оқу орындарының қызметкерлеріне білім беру және мәдени-ағартушылық салаларында жастармен жұмыс жасаудың жаңа технологияларын ұсынды.
Семинарды қорытындылаған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова студенттерді құттықтап, Қазақстанның болашағы жастардың қолында екенін тағы да бір атап өтіп, қысқа мерзімді семинарды тәмамдағаны туралы сертификаттар мен естелік кітаптарды табыс етті.