ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МУЗЕЙІНДЕ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

Елбасы кітапханасының музейінде Генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы Республикалық «Жас Ұлан» мектебі тәрбиеленушілері үшін ашық есік күні өтті.

Музейдің Қауіпсіздік Кеңесі залында «Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебесі және қару-жарағы» тақырыбында өткізілген музейлік экскурсия-сабағында балалар қазақтың «Бес қару» қару-жарағын сыйлау, сондай-ақ ер балаларды әскери іске дайындау қазақ дәстүрлері туралы ақпарат алды. «Терең мағыналы ұғырыптық заттар – татулық белгісі ретінде» экскурсия-сабағы барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа әлемнің түрлі дін өкілдерінен келіп түскен сыйлықтар ұсынылды. Мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері қатысушыларының кәдесыйлары ерекше қызығушылық туғызды. Күмбез залының фойесінде өткен «Қазақстанның сәндік қолданбалы өнері» квест-сабағы ашық есік күнінің қорытынды кезеңі болды. Инновациялық тәсілдердің көмегімен тәрбиеленушілер сәндік-қолданбалы өнер түрлерін анықтады, сондай-ақ проблемаларды жасақтауды, сыни көзбен ойлауды, баламалы шешімдерді таразылауды үйренді.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова шараның білім беру мекемелерін Елбасы кітапханасының ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту қызметіне тарту және қарым-қатынастың оңтайлы түрін орнату, архивтік және кітапханалық қорларды, музейлік жинақтарды насихаттау мақсатында өткізілгенін атап өтті.

- Жасұландықтар ескі серіктестеріміз және көптеген шаралардың қатысушылары болып табылады. Бүгін сіздер Қазақстан тәуелсіздігінің тарихы туралы көптеген маңызды ақпараттарға қанықтыңдар деп ойлаймын. 2019 жыл – Жастар жылы. Н.Назарбаев айтқандай «еліміздің басты жетісітігі – бәсекеге қабілетті жастар», - деді Б.Қайыпова. Тұңғыш Президенттің елордадағы алғашқы резиденциясында болу әсерлерімен шара қатысушылары бөлісті.

Айдын Жолдыбай:

– Біз Елбасы кітапханасы музейінде бірінші рет болдық. Бізді барлық жәдігерлер, әсіресе қару-жарақтар топтамасы таңдандырды. Дәріс оқушының қазақ батырларының қаруы, ежелгі тарихымыз туралы әңгімелері аса қызықты болды.

Медет Төребеков:

– Квестер ерекше қызықты болды. Біз қазақтың сәндік қолданбалы өнері туралы қызықты мағлұматтар алдық және шешендік қабілеттерімізді көрсеттік.

Елбасы кітапханасына ризашылығын аға сержант Ербол Құлымбетов былай білдірді:

– Елбасы кітапханасы жастарды патриоттық тәрбиелеуде баға жетпес көмек көрсетуде. Мұнда еліміздің қарулы күштерін қалыптастырудағы, демократиялық және құқықтық мемлекет құрудағы Елбасы Н.Назарбаевтың рөлі туралы жан-жақты ақпарат береді. Осындай шаралар тәрбиеленушілердің ой-өрістерінің кеңеюіне мүмкіндік туғызады. Елбасы кітапханасы қызметкерлері сабақтарды қызықты және танымды өткізуді жақсы меңгерген.

Шолулық экскурсия барысында қонақтар қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі бағыттарымен, еліміздің жаңа тарихы туралы бірегей архивтік құжаттармен, Елбасының өмірі мен қызметінің кезеңдерін ашатын фото- және бейнематериалдармен танысты.