ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МУЗЕЙ ЖИНАҒЫ ЖАҢА ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Елбасы кітапханасы Қор-іріктеу комиссиясының осы жылғы бірінші отырысы өтті. Күн тәртібіне сәйкес, отырыста тұрақты тапсыру актісімен тапсырылған  музейлік заттарды есептен шығару және музей жинағына жаңа түсімдерді қабылдау мәселелері қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде арнайы Елбасының өмір жолына арналған залдың ашылуына байланысты музей қорына тұрақты сақтауға берілген «Тәуелсіз Қазақстанға 25 жыл» панносы кітапхананың музейлік жинағының есебінен шығарылды.

ҚІК-ның хатшысы, Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің сарапшысы Ғайни Серікбаева үш қор бойынша жүзге жуық сақтау бірлік жаңа түсімдер түскенін айтты.

Елбасы марапаттарының топтамасы, кәдесыйлық бұйымдар, нумизматика, қару-жарақ пен әскери сауыт-сайман,  кілем және киіз топтамалары жаңа жәдігерлермен  толықты. Олардың арасында 2 наурызда Қырғызстан Республикасының Президенті Сабыр Жапаров Елбасы кітапханасына келген кезде тарту еткен киіз сырмақ, Қазақстан Православие Шіркеуінің жоғары наградасы «Алғыс» ордені,  XIII-XIV ғғ. жататын Әмір Темір қылышының көшірмесі, Қарағанды облысының тұрғындары тарту еткен «Qazaq Eli. Ma’n’gilik El» гобелені тағы да басқа көптеген сыйлықтар бар. Сондай-ақ ҚР мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» табыс еткен 1994, 2016 жылдары өткен қысқы, жазғы олимпиада ойындарындағы қазақстандық ту ұстаушылардың киімдері киім топтамасына тіркелді.

Басқосу соңында ҚІК мүшелері жаңа жәдігерлерді алдағы уақытта Елбасы кітапханасының көрмелері мен арнайы залдары арқылы көпшілік назарына ұсыну туралы ортақ шешімге келді.