Елбасы кітапханасының қызметкерлері үстіміздегі жылдың 30 қыркүйегі мен 3 қазаны аралығында Барнауылда өткен «Үлкен Алтайдағы түркі-моңғол әлемі: тарихи-мәдени мұра мен қазіргі заман» атты ІІ Алтай халықаралық форумына қатысып қайтты.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, форум еуразиялық ғылыми және білім беру кеңістігінде берік интеграциялық байланыстарды қалыптастыруға және желіні дамытуға бағытталған.
Іс-шара барысында пленарлық отырыс, ғылыми конференция, панельдік талқылаулар мен дөңгелек үстелдер өтті.

Ресей, Қазақстан, Қытай және Моңғолия шекаралары түйіскен жердегі бірегей макроөңір – Үлкен Алтайдың пәнаралық кешенді зерттеулері саласындағы көптеген мәселелер, оның ішінде Орта Азия түркі халықтарына қатысты өзекті зерттеулер мен жаңалықтар ортаға салынды. Мамандар жаңа археологиялық материалдарды зерттеу нәтижелері мен экспедициялардың нәтижелерімен бөлісті.

Қатысушыларға арнап Алтайдағы түркі дәуірінің археологиялық жаңалықтары мен «Үлкен Алтай» алтайтану және түркітану орталығы ғалымдарының соңғы экспедицияларынан сыр шертетін фотокөрмелер қойылып, Алтай Республикасындағы түркі дәуірінің ескерткіштеріне сапар, Алтай мәдениет қайраткерлерімен шығармашылық кездесулер мен кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Форумға Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан мен Тәжікстан елдерінің ғалымдары мен жастары қатысты.

Форумның пленарлық отырысында ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институтының директоры Зиябек Қабылдинов пен тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері Альбина Жанбосынова баяндама оқыды.
