Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жыл ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойы боп жарияланды. Осы мерейтойға орай Абай Құнанбаевтың жаңадан жарық көрген шығармалар жинағын Елбасы кітапханасының қорынан табуға болады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы бойынша жарық көрген жинаққа ақынның өлеңдері, поэмалары, аудармалары мен қара сөздері топтастырылған.
Бұл кітап 1957 жылы М.Әуезовтың редакциялауымен Қазақтың көркем әдебиет баспасынан жарық көрген. Сол басылым негізінде дайындалған бұл жинақты Б. Қанапиянов пен Б. Хабдина құрастырған.
Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай жаңадан басылып шыққан жинаққа заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың 1954 жылы жарияланған «Қазақ халқының ұлы ақыны» атты мақаласы да енгізілген. Онда саналы ғұмырын Абай әлемін зерттеп, зерделеуге арнаған Мұхтар Омарханұлы ақын туралы былайша толғанады: «Поэзияда, музыкада, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Ол өз халқының тарихында тау шынарындай биік тұр. Ол қазақ халқының ғасырлар бойғы мәдениетінің таңдаулы нәрін алды және бұл қазынаны орыстың және Батыс Европа мәдениетінің игі әсерімен молықтырды... Қазақтың жаңа мәдениетінің негізін салушы, қазақтың классикалық поэзиясының шұғылалы шыңы – Абайдың мәңгі өшпес даңқының ең асқақ айғағы, міне, осында».
Ұлы ақынның сөзін ардақ тұтатын көпшілік оқырман «Жібек жолы» баспасынан бес мың данамен жарық көрген шығармашылық жинақтан Абайдың өрнекті өлеңдері мен қара сөздерімен сусындап, асыл мұрасымен таныса алады.
