ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАПТАР ТОПТАМАСЫ: «ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРІНІҢ АНТОЛОГИЯСЫ. КӨРКЕМ СУРЕТ»

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының кітап қоры жаңа басылыммен толықты.

Өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап Қазақстанның бейнелеу өнерін зерттеуге арналған «Қазақстан өнерінің антологиясы» сериясының бірінші томын 2004 жылы «Золотая книга» редакциясы басып шығарды.

Басылымда белгілі өнертанушылар Б. Өмірбеков, Г. Сырлыбаева, Е. Малиновская, Д. Шарипова, Р. Ерғалиева, Р. Көпбосынова, З. Ержан, Б. Барманқұлова, В. Бучинская, И. Юферова, В. Турчиннің сурет өнерінің даму тарихына, ұлттық мектептің ерекшеліктері мен дәстүрлеріне, атақты қазақстандық суретшілердің шығармашылығына, бейнелеу өнерінің ең өзекті мәселелеріне арналған очерктері бар.

 Жинақтың «Қазақстан суретшілері» бөлімі 120-дан астам танымал және ұмытылған отандық шеберлер туралы мәліметтерді: олардың өмірбаяны, шығармашылық жолы, қадірі мен жетістіктері, шығармашылыққа тән ерекшеліктері мен стилін қамтитын анықтамалық болып саналады.

Барлық мақалалар орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған. Қанық бояулы суреттермен көмкерілген. Бұл оқырманға Қазақстанның қазіргі заманғы бейнелеу өнері мен оның жанрлары және бағыттарының сан түрлілігімен танысуға мүмкіндік береді.