«Елбасы кітапханасының кітаптар коллекциясы» жобасының Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен кітапханасы дайындаған Назарбаев орталығы туралы фотоальбомы жарыққа шықты.

Назарбаев орталығы жас елордамызға ерекше көрік беріп тұрған сәулет өнерінің жарқын бейнесінің бірі болып табылады. Ғимараттың жобасы танымал британдық сәулетші Норман Фостердің ерекше шығармашылық шешімімен жасалып, елорданың қонақтары мен тұрғындарын тамсандыруда. Бұған қоса, жобаның терең философиялық негізі ғимаратты одан сайын көріктендіре түскендей.
Назарбаев орталығының ғимараты көкке ұмтылған көз жанары тәрізді салынған. Сәулетшінің ойынша ғимараттың жалпы көрінісі қазіргі Қазақстанның өмірлік күші мен биікке талпынысын бейнелейді.

Ғимараттан шығыс пен батыстың, өткен мен болашақтың, дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімділігі сезіліп тұрады. Ол «Күн қаласын» бейнелеген утопистердің футуристикалық қиялынан шыққандай әсер береді.
Фотоальбом Елбасы Қоры мен Кітапханасының қызметін, сонымен қатар ғимараттың қайталанбас сыртқы және ішкі сипатын көрсететін бес тараудан тұрады.

Жинақтағы айшықты әрі көркем фотосуреттер Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың стратегиялық идеялары мен ойларын насихаттауға бағытталған ғылыми-зерттеу, аналитикалық, білім және тәрбие беру, мәдени-ағарту қызметтерін жүзеге асыратын бірегей кешеннің өміріне бойлауға мүмкіндік береді.