ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАПТАР КОЛЛЕКЦИЯСЫ. БІРЛІК САЯСАТЫ

«Көші-қон және қазақ әлемі: баяндамалар, мақалалар және сыр-сұхбаттар» кітабы – Елбасы кітапханасына түскен жаңа басылым.

Кітап «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық  мәдени  мұраны  сақтау,  зерттеу мен насихаттау, мұрағат ісінің іске  асырылу  тиімділігін  арттыру»  республикалық бағдарламасы аясында 5 000 дана таралыммен басылды.

Басылымға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 22–25 маусымында Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында интеграция, халықтың мәдениеті және тарихына, еліміздің бүгіні мен ертеңіне, мемлекеттік саясатқа қатысты баяндамалары, жарияланған мақалалары, сыр-сұхбаттары, сөйлеген сөздері енгізілген.

Жинақтың құрастырушылары – Махмұт Қасымбеков, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы, саяси ғылымдарының докторы, профессор, 100-ден аса ғылыми мақалалардың, 60-тан аса кітаптардың құрастырушысы және бірлескен авторы, Дүкен Мәсімханұлы – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

«Әртүрлі саяси себептермен миллиондаған қазақ бауырларымыздан көз жазып қалдық, бұл жағдай шетелде тұрып жатқан қандастарымыз бен еліміз үшін ұзақ жылдар бойы жан жарасына айналды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының арқасында тәуелсіздік жылдары бұл мәселені шешуге мүмкіндік туды.

Президенттің стратегиялық дұрыс бағдарының бірі – жемісті саяси шешім қабылдау жолдарының негізгі үш саласын еліміздің қалыптасуы мен нығаюы және біртұтас ұлттар деп бөліп көрсеттік. Біріншіден, әлем саясаты және көршілес елдермен мемлекеттік шекара мәселелерін реттеудегі дипломатия. Екіншіден, Алматыдан елорданы Сарыарқа жеріндегі Ақмолаға көшіруі – әсем Астананың құрылысы. Ал, үшіншіден, қазақтарды елге оралуға шақыру, ынталандыру, қолдау көрсетудің арқасында тарихи отанына миллионнан астам шетелдегі қандастарымыз оралды», – дейді авторлар кітаптың алғы сөзінде.

Кітап қалың оқырман қауымына арналған.