ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАП КОЛЛЕКЦИЯСЫ: ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯ. ХХ-ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ УРБАНИСТИКАСЫ

«Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді». Дәл осы сөздерден Президентіміздің Қазақстан халқына жолдаған стратегиялық құжаты бастау алады. Ағымдағы жылдың 10 қаңтарында жарияланған Жолдаудың бесінші міндетінде Елбасы құрылыс пен коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізуге ден қояды.

«Осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек. Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет. Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек», - деп Мемлекет басшысы белгілейді.

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген 26 жылдың ішінде әлемдік сәулет өнерінің классикалық дәстүрлері мен ұлттық ерекшеліктерін қатар ұстай бір қатар қала тұрғызып жатыр. Осы тұста еліміздің жас астанасы тәуелсіздік дәуірі құрылысы мен сәулетінің нышанына айналғаны сөзсіз.

Еліміздегі құрылыс саласы технологияларына қатысты күрделі геосаяси, әлеуметтік-экономикалық, геологиялық-тарихи, демографиялық және көші-қон мәселелері тарихын зерделеуде «ХХ-ХХІ ғасырдағы Қазақстанның эволюциялық урбанистикасы» кітабының пайдасы орасан зор. Аталмыш монография ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басы аралығындағы Қазақстан желілік қала қоныстарының даму үдерісін зерттейді.

Жүз жылдан кем уақыттың ішінде кеңес республикасының, кейінде егемен Қазақстанның қала қоныстары жүйесі қатты өзгерістерге ұшырады.Бұл жүйенің дамуы 1926-2009 жылдар аралығындағы Қазақстан халқының ұлттық және Бүкілодақтық санағында, географиялық сөздіктерде, Үлкен кеңес энциклопедиясында, топографиялық карталар мен GoogleMaps картографиялық сервисінде берілген деректер бойынша карталар қатарына бейнеленген.

Еңбек география, урбанология, демография саласының мамандарына, қала жоспары және мемлекеттік басқару, жаһандау және жаһандық тарих мәселелерін зерттейтін азаматтарға арналған.

Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде жарық көрген кітап 1000 дана таралыммен шықты. Оның тұсаукесері 2017 жылы Мәскеу қаласында өтті.

Қазіргі Қазақстанның даму тарихы жөніндегі толығырақ ақпаратпен Елбасының кітапханасы мен музейінде жүргізілетін экскурсиялардың, сондай-ақ экспозицияларда ұсынылған түпнұсқалық құжаттар мен құнды материалдардың арқасында танысуға болады.