ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСІНДЕ ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСТАР ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

26 желтоқсанда Елбасы кітапханасы Ғылыми кеңесінің отырысы болды. Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов жылдық жұмысты қорытындылай келе, жобалар аясындағы ғылыми зерттеулерді сапалы жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік берген ұйымдастыру жұмыстарының жүргізілгеніне тоқталды.

Кітапхананың Ғылыми кеңесі ғылыми-кеңестік коллегия және сараптама-аналитикалық орган ретінде тұжырымдамалық, стратегиялық құжаттар жасауды жүзеге асырады, Елбасы кітапханасы қызметінің негізгі бағытын реттейді. Отырыста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Экспозиция және көрме қызметінің тұжырымдамасы, «Музей жинақтары» музейтану бағдарламасының тұжырымдамасы, «Тұңғыш» экскурсиялық жобасының тұжырымдамасы талқыланып, бекітілді. Директордың орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова Ғылыми кеңес қызметінің қысқа мерзім ішінде Елбасы кітапханасының негізгі жұмыс бағыттарын көрсететін ішкі құжаттары жасалғанын айтты.

– Елбасы кітапханасы қызметінің бағыттары бойынша қағидалар, әдістер, кітапхана жұмысын мамандандыруды одан әрі тереңдету мақсатында күтілетін нәтижелерді анықтайтын тұжырымдамалық сипаттағы нормативтік құжаттар жасалды, –деді Ботагөз Мұттахиденқызы.

Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ләйла Омарова Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының 2017 жылғы ғылыми-білім беру бағдарламасының фокус-топтары сауалнамасының нәтижесі туралы есеп берді.

– Ұсынылған деректер бойынша өткізілген сабақтардың оң нәтижесін көрсетеді. 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы өткізілген оқу сабақтарында көрнекі құралдардың кеңінен қолданылуынан аудиторияның ұсынылған материалдарды қабылдауы жоғарылағанын көрсетті. Сабаққа деген танымдық қызығушылық 2016 жылы 74 % болса, 2017 жылы 78 %-ға артқан, – деді Ләйла Әріпқызы өз сөзінде.

Ғылыми кеңес мүшелерінің талқылауы және өзгерістер енгізілуімен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ғылыми еңбектері» жинағы, «Выдающиеся исторические личности Казахстана» хрестоматиясы, «Вечное сияние серебра», «Мантии: академические и ученые степени и звания Н. А. Назарбаева» музей жинақтарының каталогі, «Конфессияаралық келісім мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етудің факторы ретінде» ғылыми кітапшасы, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: мемлекеттік басқару стратегиясы және көшбасшы феномені» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының жинағы басылымға ұсынылды.

Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері, саяси ғылымдарының докторы, профессор Ләйла Иватова жыл сайын Елбасы кітапханасының ғылыми еңбектері жинағын шығаруға ұсыныс жасады.

– Жинақ Мемлекет басшысының идеялары мен бастамаларын ілгерілету, сонымен қатар Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатындағы өзекті мәселелер бойынша кітапхана қызметімен байланысты қызметкерлердің еңбектері, мақалалары, баяндамаларынан тұратын болады, – деді Ләйла Мырзалиқызы.

Елбасы кітапханасының Ғылыми кеңесі отырысында жыл бойы бекітілгендері: бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша есептер – 2, тұжырымдамалар мен ережелер – 5, басылымға ұсынылғандары: әдістемелік құрал – 5, еңбектер жинағы, каталогтер – 14.