ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСІ РЕСМИ ТІРКЕЛДІ

Үстіміздегі жылдың 6 қазанында Елбасы кітапханасы директорының және Ғылыми кеңес төрағасының орынбасары Әмірхан Рахымжановтың төрағалығымен кезекті Ғылыми кеңестің отырысы өтті.

Отырыстың ашылуында Әмірхан Рахымжанов барлық қатысушыларды бүгінгі маңызды жаңалық – Елбасы кітапханасының ҚР Білім және ғылым министрлігінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде ресми тіркелуімен құттықтады.

– Бұл үлкен ұжымымыздың ерен еңбегі. Біздің мекемеде ғылыми дәрежесі жоғары қызметкерлер ғана емес, республикамызға танымал жетекші ғалымдар қызмет атқаратынын мақтанышпен айта аламын. Әрине, бұл Елбасы кітапханасында жүзеге асырылып отырған кадр саясатының оң нәтижесі.

Ғылыми кеңестің жұмысы ғылыми-кеңес беру және сараптама-талдау жасайтын алқалы орган ретінде Елбасы кітапханасы қызметінің негізгі бағыттарын реттейтін тұжырымдамалық, стратегиялық құжаттарды зерттеуге бағытталған. ҚР Тұңғыш Президенті Кітапханасының Ғылыми-зерттеу қызметі тұжырымдамасының негізгі ережесін отырыс тәртібінің бірінші тармағына сәйкес Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері, саяси ғылымдарының докторы, профессор Ләйлә Иватова баяндады.

– Кітапхананың ғылыми-зерттеу қызметінің миссиясы ғылыми-тарихи жағынан алғанда, бүгінгі қоғамда Елбасының бастамалары мен саясатын барынша алға ілгерілетуді, мемлекет құрудағы тәжірибелерін және «Н. Ә. Назарбаев моделі» ұғымын насихаттауды, интеллектуалды қолдау көрсетуді, сондай-ақ әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарда «Елбасытанудың» ғылыми бағытын айқындауды көздейді.

Мұрағат жұмыстары секторының басшысы Жангелді Бимолдин Мемлекет басшысының Жеке Архиві қорының жолсілтемесін Ғылыми кеңес мүшелерінің назарына ұсынды.

– Аталмыш жолсілтеме Мемлекет басшысының Жеке архиві қоры бойынша базалық құрылымдық анықтамалық болып табылады. Бұл анықтамалық Елбасының Жеке архивінде сақтаулы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірі мен қызметі туралы құжаттардың құрамы және мазмұнымен таныстыру мақсатында құрастырылды. Жеке архиві қорының жұмыс ерекшелігіне орай басылым дәстүрлі мұрағат жолсілтемелерінен өзгеше.

Бүгінгі күні Елбасы кітапханасында қазақстандық өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуге, жоғары рухани мәдениетті қалыптастыруға, ұлттық мәдени мұраны сақтауға бағытталған ғылыми, білім беру, мәдени-ағартушылық кешенді жобалары жүзеге асырылуда. Дәлірек айтсақ, барлық жобалар «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев: мемлекетті басқару стратегиясы және лидерлік феномені» ғылыми бағдарламасы аясында біріктірілген, сондай-ақ оның шеңберінде ғылыми-әдістемелік және ғылыми-зерттеу бағытындағы басылымдар кешені дайындалды. Отырыс барысында «Астана: жасампаздыққа 20 жыл» ғылыми-әдістемелік құралы, «Елбасытану» курсы әдістемелік құралы, «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» оқу-әдістемелік кешені, «2016–2017 оқу жылындағы Музей сабақтарының жинағы», «Әлемді өзгертетін идеялар» оқу-әдістемелік құралы, сонымен қатар «Музей жинақтары жәдігерлеріндегі Астана тарихы» музейтану зерттеулері бірауыздан баспаға ұсынылды. Ғылыми кеңеске ұсынылған әрбір басылым Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлерінің көп жылдық шығармашылық ізденістері мен табанды ғылыми зерттеулерінің нәтижесі болып табылады.

Отырыс барысында Ғылыми кеңес мүшелері нақты пікірлер білдіріп, күн тәртібіндегі барлық мәселелерді қарастырды.