«ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАРЫ» КӘСІБИ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Үстіміздегі жылдың 15 ақпанында Шымкент қаласының «Көрме» орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттаудағы электрондық ресурстар мен технологияларды қолдану мәселелеріне арналған «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» атты кәсіби сессия өтті.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібекұлы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың атынан қатысушыларды іс-шараның ашылуымен құттықтап, сөз сөйледі:

– Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған Елбасы кітапханасының көрме жобасы Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуындағы негізгі рөлін көрсетеді. Іс-шара біздің өңіріміздің саяси және мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болары сөзсіз. Көрермендердің назарына Кітапхана қорының құнды материалдары ұсынылған. Осындай ауқымды іс-шараны өткізу – облыс жұртшылығы үшін үлкен мәртебе.

Іс-шараның пленарлық отырысында сөз алған сессияның модераторы Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов:

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы – бұл кітапхана, архив, музей, талдау, мәдени-ағарту және ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметін атқаратын Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ақпараттық-идеологиялық кешені.

Елбасы кітапханасы заманауи электрондық-мұрағаттық инфрақұрылым ғана емес, ұлттық мәдени-тарихи құндылықтардың құрамдас бөлігі болып саналатын бірегей ақпараттық ресурстармен де қамтамасыз етілген. Бүгінгі кездесуіміз осыған арналады, – деді.

Сессия барысында мәдениет және білім беру саласындағы инновациялық даму мен ақпараттандыру бойынша музей, кітапхана, архив, білім беру және ғылыми мекемелердің қызметіне ақпараттық технологиялардың тигізетін әсері, материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудағы сандық технологиялардың рөлі сынды өзекті мәселелер талқыланып, тәжірибе алмасылды.

Сессия аясында «Музей» автоматтандырылған жүйесі, Елбасының электрондық кітапханасы, сондай-ақ Елбасының жеке архивінің ақпараттық-анықтамалық ресурстарын құрастыру мен қолданудың тәжірибесі және «Музей жинағы» музейтанулық жобасының алғашқы нәтижелері таныстырылды.

Кәсіби сессия өз жұмысын «Open Space» – ашық кеңістік технологиясы үлгісінде жүргізді. Ашық кеңістік технологиясы – өткен ғасырдың 80 жылдары ұйымдастырушылық даму бойынша американдық кеңесші Харрисон Оуэн ойлап тапқан семинарларды, конференцияларды, симпозиумдар мен кездесулерді өткізу технологиясы. Қазіргі таңда аталған технология барлық әлемде кеңінен қолданылатын, қарым-қатынасты орнату мен бірлескен шешімдер қабылдаудың тиімді әдісі болып табылады.

Сессия тыңдаушыларының қатарында музей, кітапхана және архив қызметкерлері, өңірдің мәдениет және білім беру салаларының мамандары, ЖОО-ның магистранттары мен студенттері, колледждер мен мектептердің оқушылары болды. Іс-шараны ұйымдастыруға ОҚО әкімдігі, «Көрме» орталығы атсалысты.

Сессия жұмысын қорытындылағаннан кейін қатысушыларға сертификаттар тапсыру салтанаты өтті.