Елбасы кітапханасындағы жас патриоттар мектебі

2016 жылдың 22 қаңтарында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Астана және Алматы қалалары мектептерінің оқушылары, жоо студенттері мен магистранттарына арналған «Кәсіби және тиімді мемлекет» атты семинар өтті. Іс-шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.  

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Асхат Күзеков, Еуропалық құқық және адам құқықтары сарапшылық институтының директоры Марат Башимов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Кабулдинов, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері, Елбасы кітапханасы жанындағы «Кемел Ел» мәдени-ағартушылық жұмыс және жастарға тәрбие беру орталығының мүшелері, жастар ұйымының көшбасшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

0U3A5638

Жас патриоттар алдында Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері баяндама жасады.

Тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың доценті Бағыш Ғабдулинаның «Қазақстан Республикасының мемлекеттік билігіндегі реформаның мәні» тақырыбындағы дәрісі бес институционалды реформаның Ұлт жоспары – «100 нақты қадамы» аясындағы мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістерді түсіндіруге арналды.  

Заң ғылымдарының кандидаты, ҚР Президенті жанындағы МБА доценті Нұржан  Жапарқұл «Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысы» тақырыбы бойынша жасаған баяндамасында республиканың заңнамалық базасын қалыптастырудың негізгі кезеңдері, жаңа бағдарламалық құжаттардың мәні-мағынасы туралы айтып берді.   

1X7A5222

Іс-шараның құрметті қонақтары мен қатысушылары жастарға ақыл-кеңестерін айтып, жастарды елде жүріп жатқан реформаларға қолдау көрсетуге шақырып, өмірде көрген жеке тәжірибелерімен бөлісті.

Семинардың жоғары деңгейде өтуі және жастарға беретін практикалық мәні туралы сөз сөйлеген Зиябек Қабулдинов: - Елбасы кітапханасы – патриот жастарды тәрбиелейтін орталық, - деді.

Шараға қатысқан Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2 курс студенттері М.Амангелдинова, А. Сейділбек және басқалары іс-шараны ұйымдастырушылар, лекторлар мен қонақтарға алғыстарын білдірді.

0U3A5660