ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ ҰМЫТЫЛМАС КЕЗДЕСУ

2018 жылғы 14-15 қарашада Атырау мұнай және газ институты мен Қарағанды мемлекетті техникалық университетінің студенттері Елбасы кітапханасы ұйымдастырған «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» екі күндік семинар-тренинг бағдарламасы бойынша оқуларын аяқтады. Студенттер семинар-тренингтен алған  әсерлерімен қуана бөлісті.

Ілияс Смайылов, ҚарМТУ студенті:

– Біз тек қана жаңа мағлұмат алған жоқпыз, сонымен қатар қазіргі уақытта мемлекетімізде іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша тәжірибелік дағдыларды да алдық. Осында алған білімдерімізді өзіміздің жоғары оқу орны студенттеріне міндетті түрде жеткіземіз. Мен «Жас орда» студенттік ұйымының мүшесімін, біз көптеген шаралар өткіземіз: би кештері, кездесулер, семинарлар, тренингтер және басқалары.  Сондықтан семнарлардан алған білімдеріміз біз үшін аса маңызды.

Сондай-ақ, ең басты жаңалық – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен таң қаларлық кездесуіміз. Біз үшін күтпеген қуанышты жағдай болды! Кездесу бір мезетте және әсерлі болды. Ол бізбен ашық сөйлесіп, біздің университетімізде оқыған жылдары туралы айтып берді және жастарға сәттілік пен табыс тіледі. Мен Елбасы оқыған жоғары оқу орнында оқып жатқаныма мақтанамын. Келесі жылы да Елбасы кітапханасында өтетін семинарларға келуді жоспарлаймын.

Эльмира Жұмабаева, Атырау мұнай және газ институты студенті:

– Семинарлар мен тренингтер жоғары деңгейде өтті. Тамаша сабақтары үшін дәріскерлерге алғысымды білдіргім келеді. Біз қуатты да жағымды серпіліс алдық. Алдағы уақытта елімнің болашағы үшін осы жерде алған барлық білімімді іс жүзінде пайдалана аламын деп ойлаймын. Жалпы экскурсия мен мәдени бағдарлама да өз деңгейінде ұйымдастырылған. Біз басқа жоғары оқу орындарының студенттерімен байланыс орнаттық. Барлығы тамаша!

Екі күндік семинар-тренингті қорытындылаған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова бүгінгі студенттер тобына Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы Резиденциясы болған Елбасы кітапханасының музейінде оқу бақыты бұйырғанын атап өтті. Өйткені, олар Елбасымыздың бастамасымен  осы ғимаратта қабылданған еліміздің тағдырын анықтаған тарихи шешімдерді сезіне алды. Ал, Назарбаев орталығында болған Елбасымен бірегей кездесу мен сұхбат студенттердің жадында мәңгілік сақталатынын да айтты.

Кездесу соңында Ботагөз Мұттахиденқызы студенттерді «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» оқу курсының табысты аяқталуымен құттықтап, сертификаттарды тапсыру салтанатын өткізді. Дәріс алушылар сертификаттармен бірге естелік суреттер мен Елбасы кітапханасының сыйлықтарын да алды.