Үстіміздегі жылдың 20 наурызында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының жыл сайынғы «Наурыз кездесуі» шарасына қатысушылары Елбасы кітапханасын тамашалап шықты.

VIII Наурыз кездесуі «Астана – болашақ қаласы: елорданың сәулетіне 20 жыл» тақырыбына арналды. Шара аясында барлығы 202 оқушыға, оның қатарында республиканың жалпы білім беретін мектептерінің ғылыми сайыстары мен олимпиада жеңімпаздарына, еліміздің барлық өңірлерінен келген Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларына, мұғалімдеріне және «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» қызметкерлеріне Елбасы кітапханасында экскурсия ұйымдастырылып, «Астана – бейбітшілік, мейірім және үміттер қаласы» деректі фильмі көрсетілді.

Қонақтар экскурсия барысында Қазақстанның тәуелсіздік тарихын көрсететін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың өмірі мен қызметіне және жаһандық идеялары мен бастамаларына арналған экспозициялармен танысты. Елбасы кітапханасының архив, кітап және музей қорының жинағынан ұсынылған, елорданы ауыстыру тарихы мен Астананың құрылысын көрсететін, сонымен қатар 20 жылдық тарихы бар Қазақстанның бас қаласында өткен маңызды оқиғалар туралы «Елбасы және Астана» кешенді қор көрмесі келушілердің ерекше қызығушылығын туғызды. Көрмеде 1998 жылғы материалдар – елорда құрлысының бас жоспарының макеті, Ақорда сәулет жобасы нұсқаларының бірі, жапон сәулетшісі Кисё Курокава тұжырымдамасының альбом-экспликациясы айырықша орын алады.
Оқушыларды Назарбаев орталығының кинозалында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қарсы алды.

– Біз еліміздің жас азаматтарының озат тобын Назарбаев орталығынан көргенімізге қуаныштымыз! Сіздер тәуелсіз Қазақстанның болашағын қалап, нығайтасыздар. Тәуелсіздік дәуірінде өскен ұрпақ, сіздер, Қазақстанның болашағына шын жаны ашитын өз Отанының нағыз азаматтары мен патриоттары ретінде қалыптасқан тұлға болатындарыңызға кәміл сенемін. Мемлекетімізді көркейтіп, болашағын жарқын етіп, Елбасымыздың есімімен байланысты биік беделіміз бен деңгейімізді одан да асқақтатып, жетістігімізді еселей түсесіздер деп ойлаймын, – деді Ботагөз Мұттахиденқызы. Сонымен қатар қатысушыларды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, бейбітшілік пен құт-береке тіледі.
Көрсетілім аяқталғаннан кейін Алматы қаласының С.А. Қожықов атындағы № 39 мамандандырылған лицейінің 10-сынып оқушысы Абай Айтқали алған әсерімен бөлісті:

– Наурыз кездесуі менің күткенімдей өтті. Елордамыздың сәулеті ерекше әсер қалдырды, сонымен қатар Назарбаев орталығына келуіміз мемлекетіміздің тарихы, Мемлекет басшысының саяси бастамалары туралы білімімізді байыта түсті. Көрме мен фильм арқылы Астананың тарихы туралы көп мағлұмат алдық. Құшақ жая қарсы алғандарыңыз үшін алғысым шексіз!