ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ КИНО АПТАЛЫҒЫНЫҢ АЯСЫНДА БЕЛГІЛІ АКТЕР НҰРЛАН ӘЛІМЖАНОВПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін Тұңғыш Президент күніне арналған іс-шаралар онкүндігінің аясында Елбасы кітапханасында (Ә. Бөкейхан к-сі, 1) кино апталығының тұсауы кесілді.

200-ден астам оқушы мен студент жастар қатысқан іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов ашты:

– Атаулы мереке қарсаңында Елбасы кітапханасының жыл сайын өткізетін кино апталығына қош келіпсіздер! Аспаны ашық еліміздің бүгін әлем саясатынан алар беделді орны бар. Жер-жаһан Қазақстанның экономика, саясат, қауіпсіздік салаларының өңірлік, жаһандық мәселелеріне қатысты ұтқыр шешім қабылдайтын мемлекет екенін мойындап отыр. Әлемнің 169 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан жеріміз төрткүл дүние халықтарының елшіліктері мен сан алуан өкілдіктермен жемісті жұмыс істеп келеді. Осы тұста төл тарихын терең сыйлайтын еліміз бүгінгі жетістіктерімізге Елбасының мұрындық болғанын біледі. Жаһандық сипатқа ие болған Тұңғыш Президентіміздің батыл бастамалары мен оң идеялары халықаралық қатынастардың салмақты факторына айналғаны рас. Ұлтының нағыз жанашыры, жаһанның абыройлы саясаткері ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы жалпы адамзаттың игілігі, бейбіт әлемнің қауіпсіздігі үшін адал еңбек етті. Бұл ақиқатты суреттейтін фильмдердің апталығын бүгін Елбасының рөлін сомдаған Нұрлан Баянғалиұлымен кездесуден бастадық. Тұңғыш Президентті бейнелеу үшін болмысын ашуға талпынған дарынды азаматпен құрар сұхбаттарыңыздың жақсы көңілге бөлейтініне сенімдімін, - деп Әмірхан Мұратбекұлы келушілерді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі актер, тележүргізуші, композитор, «Жас тұлпар» және «Серпер» ҚР жастары одағы сыйлықтарының иегері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Әлімжановпен таныстырды.

Н. Әлімжанов өнер жолының естеліктерін айтып, Н.Ә. Назарбаевтың рөлін сомдатқан «Елбасы жолы» киноэпопеясына.

– Елбасының бала кезі мен жастық шағын суреттейтін фильмнің тәрбиелік мәні зор. Мемлекет құрылуының тарихи кезеңінде қалыптасқан дара тұлғаның маңызды шешімдерінен сыр шертетін туынды жастарды Елбасыға тән еңбекқорлық, жомарттық, әділдік, батылдық сияқты көшбасшылық қасиеттерге баулиды. Бұл фильмдегі бас кейіпкерді сомдаймын еш ойламаппын. Зор жауапкершілікті сезіндірген рөлдің арқасында киноэпопеяға кірген фильмдердің тұсаукесерінде Елбасының өзімен кездесіп, ризашылығы мен батасын алдым. Сол кездесулердің барысында Елбасының ашық, мейірімді жан екеніне көзімді жеткіздім. Ондай парасатты тұлғаның тілеуін алу – мен үшін үлкен мәртебе, - деді Нұрлан Баянғалиұлы.

Көрермендердің жолдаған сауалдарына жауап берген қонақ Тұңғыш Президент күнінің маңыздылығын атап өтті:

– Маңыздылығы мен қажеттілігі мол мерекеге орайластырылған іс-шалардың барлығы Елбасының мемлекет егемендігінің қалыптасуына қосқан үлесі мен әлем саясатының игілігіне арнаған адал қызметін бейнелейді. Мұны әрдайым жадымызда ұстап, тәуелсіз елімізді, Тұңғыш Президентімізді мақтан тұтқанымыз абзал, - деді ол.

 

Игі дәстүрге айналған кино апталығының аясында мектеп оқушыларына, колледж бен жоғарғы оқу орны студенттерінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары мен докторанттарының, Ұлттық гвардия қызметкерлерінің назарына «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Балалық шағымның аспаны», «От өзен», «Тығырықтан жол тапқан» атты фильмдері ұсынылмақ.