Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында белгілі кескіндемеші, график, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, публицист Жеңіс Нұрлыбаевтың жеке көрмесі ашылды.
«Пандемия. Шектеу. Самғау...» көрмесінің авторы «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасы аясында халықаралық кеңістікте Ұлы Дала елінің мәдени кодын қалыптастыратын саңлақтарды ұсынады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік елшіліктердің, «Құланшы» көркем галереясының, «Has Sanat» арт-галереясының, «Байта» ҚФ, «Фолиант» баспасының өкілдері, Нұр-Сұлтан суретшілер одағының мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЮНЕСКО клубының балалар көркемсурет мектебінің мұғалімдері, сондай-ақ астаналық гуманитарлық колледж студенттері қатысты
– Бұл жобамыз әлемді шарпыған пандемияға қарамастан, ұлт мәдениеті көрнекті өкілдерінің өнерін, ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын насихаттауды көздейді. Белгілі шебер Жеңіс Кәкенұлының көрмесі – автор әлемінің айнасы. Оның туындылары табиғатқа, құстарға, үйлесімдікке ұмтылады. Қанық бояуларға толы суреттер шығармашылық бейнелер мен тылсым нәзіктікті әбден сіңірген. Ұсынылған сериядағы әр жұмыс біртұтас рухани мазмұнды құрайды, - деді Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күләйша Ақтаева.
– Осы уақытқа дейін шығармашылығыма ұлтымыздың тарихы, мәдениеті мен фольклоры арқау болса, бұл ретте жалпы адамзат болмысы мен құндылықтарына сүйеніп, адамның ішкі дүниесі мен жан әлемін бейнелеуге тырыстым. Көрмені тамашалауға келген азаматтардың туындыларға терең үңіліп, мазмұнын түсінуге тырысуы - суретші үшін үлкен мадақ. Сол қауымды жинаған іс-шараның ұйымдастырушыларына алғысым шексіз, - деді Жеңіс Нұрлыбаев.
– Жеңіс Кәкенұлын дарынды кескіндемеші ретінде біраздан бері сырттай танимын. Биыл ол кісіні графикалық суретші ретінде жаңадан танып жатырмын. Расында да пандемияның бәрімізге әсері зор. Алайда нағыз өнер соғысты да, пандемияны да төзеді. Өнердің даму тарихына үңілсек, әлеуметтік, экономикалық немесе саяси өзгерістер сияқты сынақ пен дағдарыстың кезінде өнер саласының түрлі бағыттары шарықтап, жаңа кезеңге қадам басқанын аңғаруға болады. Жеңіс Кәкенұлы да бұл ахуалдың тұсында жаңа қырынан ашыла түсті. Әрине, суретшінің қолжазбасы сезіледі, алайда түстер мен штрихтерден өзгеріс байқалады, - деді суретші, «Құланшы» заманауи өнер орталығы кураторлық кеңесінің төрағасы, Еуразия өнер академиясының президенті Ләйлә Махат. Ол авторды көрменің ашылуы мен Еуразия өнер академиясының мүшелігіне кіруімен құттықтады.
«Пандемия. Шектеу. Самғау...» көрмесі 2021 жылғы 27 қыркүйекке дейін жалғасады. Оның материалдарымен https://elbasylibrary.gov.kz сайтының «Көрмелер», «Жобалар» бөлімінде танысуға болады.
Анықтама: Жеңіс Нұрлыбаев 1965 жылы 9 мамырда Алматы облысының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Бала кезінен сурет салумен айналысқан. 1989 жылы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. «Ақжелкен», «Зерде», «Мәдениет», «Тура Би» журналдарында суретші және көркемдік редактор болып жұмыс істеді. «Фолиант», «Елорда», «Аударма» баспа үйлерінде қырықтан астам кітап басылып шықты, олардың көркем безендірілуіне Жеңіс еңбек етті. 2006 жылы «Өнер» баспасынан оның шығармашылығына арналған альбом жарық көрді.
«Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасы аясында өткен көрменің авторы халықаралық кеңістікте танымал Ұлы Дала елінің мәдени негізінкодын қалыптастыратын шығармашылық тұлғалардың саңлақтарын ұсынады. Жеңіс Кәкенұлы мәдениетті қолдау жылы эмблемасының авторы (2000 ж.), 2009 және 2010 жж. президенттік стипендияның лауреаты. Ол халықаралық жобаларға белсенді қатысады: Солтүстік Кипрде және Түркістан қаласында «ТүркСОЙ» ұйымы аясында өткен суретшілер симпозиумдарына. Нью-Йорктегі вернисажда ұсынылған Жеңістің қалалық пейзаждары жоғары бағаланды.
Суретші қылқалам шеберлігі мен көркем журналистика тілін біріктірудің сирек қасиетіне ие. Ол 2013 жылы жарық көрген «Ақ зер» суретшілер туралы кітаптың авторы («Фолиант» баспасы). Бұл кітапта еліміздің көрнекті суретшілері туралы ғана емес, сонымен бірге реализм, гиперреализм, импрессионизм және әлемге әйгілі маринистер туралы әдеби эсселер бар. Соңғы жылдары суретшілердің, зергерлердің, кестешілердің шығармашылығына арналған очерктері «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» басылымдарында жарық көрді.
2018 жылы Жеңіс Кәкенұлы «Қазақ үні» республикалық қоғамдық – саяси газеті өткізген «Жыл адамы-2018» жобасының нұсқасы бойынша «Жыл суретшісі» номинациясында марапатталды.






