Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қоры жаңа басылымдармен толықты. 2020 жылы жарық көрген жинақтар «Жаңа кітаптар» көрмесінің көркін ашты.
Аталмыш көрмеден сирек кездесетін кітаптар қатарынан 1937 жылы Қазақстанның көркем әдебиет баспасынан жарық көрген қазақтың дауылпаз ақыны Ж.Жабаевтың өлеңдері мен әндері топтастырылған «Жамбыл» жинағын көруге болады.
Көрме сөрелерінен әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлері бойынша жарыққа шыққан «Абай. Шығармаларының академиялық толық жинағы», «Ұлы дала тұлғаларының даналық сөздері: цитаталар жинағы», «Әбіш Кекілбаев. Шығармашылығы. Энциклопедия» және тағы да басқа бірегей басылымдармен танысуға болады. «Абай. Шығармаларының академиялық толық жинағы» басылымының үшінші томында Абай шығармалары қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы мен ақынның 1909 жылы Петербург қаласында жарық көрген тұңғыш жинағының литографиялық көшірмесі және қазіргі қазақ жазуына түсірілген нұсқасы берілген.
Жаңа басылымдар қатарында қарымды қаламгер Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» романы бар. Семей ядролық полигонының жабылғаны 30 жыл толуына орай ақпарат іздеген оқырман бұл құнды қазынадан нақты деректерге қаныға алады.
Бұдан бөлек, көрмеге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа қолтаңбамен сыйланған кітаптар мен Елбасы туралы қалам тербеген авторлардың еңбектері қойылған. Мәселен, Тілектес Есполовтың «Елбасы жолымен» кітабынан Тұңғыш Президенттің елдің даму тарихында салған сара жолына үңіліп қана қоймай, сондай-ақ елдің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін мақала-эссе топтамаларынан мол мағлұмат алуға болады.
