ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА «ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР - ЕЛДІҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫ» АТТЫ ОНЛАЙН-ФОРУМ ӨТТІ

 Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратында Қазақстан жастар көшбасшыларының «Жалынды жастар – елдің жарқын болашағы» онлайн-форумы өтті. Басқосуға Қазақстан жастар ұйымдарының көшбасшылары мен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары және Елбасы кітапханасының волонтерлері қатысты.

Форумның мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жасампаз бастамаларының нәтижесі ретінде қазақстандық жастардың тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерін көрсету, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды дамытуға бағытталған жобаларын ілгерілету.

Іс-шараны форумның модераторы, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова ашып, өз құттықтау сөзінде: «Әрбір халық өз болашағын өскелең ұрпақпен байланыстырады. Елбасымыз бір сөзінде: «… білімдерің мен қайрат-жігерлеріңді өз елдеріңнің мүддесіне жұмсаңдар. Туған елің дәулетті, туған жерің сәулетті болса, сендер де әулетті, әлеуетті боласыңдар. Сол үшін менің қатарластарым еңбек етіп келеді. Бұл міндет сендердің де мойындарыңа түседі. Сонда өз ұрпақтарыңды ойлайтын боласыңдар. Сондықтан осы бастан қам жасау керек. Еліңді сүйе білсең, жан аямай қызмет ете білсең, елің де сені алақанға салып аялай біледі. Осыны ұмытпаңдар» деген болатын. Біз, аға буын өкілдері, Қазақстанның болашағы жастардың біліміне, энергиясына және патриотизміне байланысты екенін қайталаудан шаршамаймыз!», -деп атап өтті.

Форум қатысушыларына Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бейнеүндеу жолдады. Ол жастарды іс-шараның басталуымен құттықтап, жемісті жұмыс тіледі.

Іс-шара барысында Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы төрағасының орынбасары, «Жарасым» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев, Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты үйлестіру кеңсесінің баспасөз және коммуникация жөніндегі кеңесшісі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Эльнара Байназарова және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті, Елбасы кітапханасының волонтері Әнуар Жұмабеков баяндама жасады.

Өз сөзінде Әнуар Жұмабеков волонтерлер қатарын толықтырудың маңыздылығын атап өтіп, Елбасы кітапханасының Қазақстанның жастар саясатын дамытудағы қызметіне тоқталды: «Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымы жастар үшін үлкен жұмыстар атқаруда. Оған өзім де куәмін. Біздің тарапымыздан жасалған ұсыныс, идеяларымыз әрдайым басшылық тарапынан қолдау тауып, сәтті жүзеге асады. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласында білім алатын белсенді студенттер болса, Елбасы кітапханасы волонтерлерінің қатарына қосылуға шақырамын. Себебі бұл – біздің тұлға ретінде қалыптасуымызға, дамуымызға, қоғамдық-саяси өмірге тікелей араласуымызға берілген керемет мүмкіндік». 

«Жарасым» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев өз сөзінде жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолау туралы айтты: «Жастар жылының жариялануы Тәуелсіздік жылнамасында қазақстандық жастар үшін маңызды оқиға болды. Бір жыл ішінде жас қазақстандықтар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан бес мың жалдамалы пәтер алды. Тағы үш мың жас маман тұрғын үй сатып алу үшін 13,5 миллиард теңге сомасында бюджеттік несие алды. Жас ғалымдар 3 млрд теңге көлемінде гранттық қаржыландыруға ие болды. Ал «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 20 мың адам оқытылды. Бұл игі істер – жастарды әртүрлі әлеуметтік мәселелерде қолдаудың дәлелі».

Кездесуде еліміздің әр саласында биік белестерді бағындырған жастардың табысқа жету тарихынан сыр шертетін  деректі фильм көрсетілді. «Ғылым және білім», «Шығармашыл жастар», «Жас кәсіпкерлер», «Жас мамандар», «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тәсілі» бөлімдерден тұратын деректі таспада Елбасының жастарға үндеуі, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мекемелер басшыларының пікірлері ұсынылған. Сондай-ақ, фильмде Қазақстандағы жастар қозғалысын дамытудың қолданыстағы құралдары туралы да мол мағлұмат берілді.