ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА ҰЛТАРАЛЫҚ ЖӘНЕ КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ СТРАТЕГИЯСЫН ТАЛҚЫЛАУ БОЙЫНША САРАПТАМАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

2018 жылдың 11 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасында мемлекеттік органдардың сарапшылары, ҒӨБ, этномәдени және діни бірлестіктер, талдау құрылымдары, Астана қаласының Менеджмент және бизнес колледжінің оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен ұлтаралық және конфессияаралық келісім стратегиясына арналған сараптамалық кездесу өтті.

Шараның модераторы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов сөз сөйледі. Ол Қазақстанның ішкі және сыртқы саяси мәселелері мен Президенттің стратегиялық бастамаларын ілгерілету бойынша іс-шаралардың өткізілуі Елбасы кітапханасының дәстүріне айналғанына тоқталды.

– Ұлтаралық келісімді сақтау Қазақстан Республикасы Президенті саясатының негізі болып табылады. Этникалық келісім идеясы, Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар тобының тең құқылылығы заң нормасына жатады. Сонымен қатар Қазақстанның этникалық ерекшелігі мен этникалық-мәдени көптүрліліктің сақталуына кепілдік береді. Мұның барлығы этносаралық ұстанымдардың тұжырымы ішкі саясаттың іргелі негізі екенін дәлелдейді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ішкі саясат арқауын – үдемелі даму мақсатында шоғырлану деп қысқаша сипаттауға болады, – деді Әмірхан Мұратбекұлы өзінің «Елбасының ұлтаралық және конфессияаралық келісім стратегиясы» баяндамасында.

Келесі сөз Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті Мәдениет және діндер халықаралық орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессоры Айдар Әбуовке берілді. Ол өз баяндамасында Қазақстан Президенті
Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен қазіргі қауіптерді, сын-тегеуріндерді жою мақсатында халықаралық қауымдастықты нығайту және үнқатысуды ілгерілету, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің құрылу тарихы, дамуы мен қызметі жөнінде сөз қозғады.

– Астанада өткен съезд жаһандық үдерістегі өркениетаралық және мәдениетаралық үнқатысуға елеулі үлес қосты. Қазақстанның бұл бастамасы әлемдік қауымдастықта кең қолдау тапты және қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне нақты жауап болды – деді баяндамашы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұрбек Шаяхметов «Қазақстанда ұлттық бірегейлікті нығайту: ізденістер мен мәселелер» тақырыбында баяндама және таныстырылым жасады. Кездесу тақырыбы бойынша «Нұр Отан» партиясының ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Қазбек Қазкенов, Астана қаласындағы Өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Шерзод Пулатов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының бас кеңесшісі, философия ғылымдарының кандидаты Есбосын Смағұлов, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагоз Қайыпова өз пікірлерін білдірді.

Елбасы кітапханасының басшылығына Менеджмент және бизнес колледжінің физика-математика оқытушысы Құлжатай Пұсұрманова осындай өзекті тақырыпты талдауға мүмкіндік жасап, сарапшы ретінде шақырылғанына тыңдаушылардың атынан алғысын білдірді.