ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА «ТҰЛҒАНЫҢ ТЫЛСЫМ СЫРЫ» ҚОР КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫ

18 қарашада  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Тұлғаның тылсым сыры»  қор көрмесінің ашылуы өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары қатысты.

Көрме Елбасы кітапханасының музей коллекциясындағы бейнелеу өнерінің туындылары мен ыдыс-аяқтар топтамаларының «портреттер» тақырыптық тобынан дайындалды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған іс-шара Н.Ә.Назарбаевтың тұлғасын тереңірек түсінуге бағытталған.

Іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ашты: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы заманауи қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалаушы ретінде әлемдік саясат тарихына енді.

Көбіне Нұрсұлтан Назарбаевтың феномені қазақстандық жолдың жетістігін айқындайды. Сондықтан да оның өмірі мен қызметі зерттеушілердің, журналистердің, жазушылардың басты назарында.

Елбасының тарихи мұрасына арналған көптеген еңбектердің ішінде бейнелеу өнері шеберлерінің көркем туындылары да өзекті. Осы тұста біз сіздерді Нұрсұлтан Әбішұлының бейнесіне басқа қырынан үңіліп, оған түрлі мәдениеттер мен көркемөнер мектептері өкілдерінің көзімен қарауға шақырамыз».

 «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің рөлі баға жетпес. Оның ел алдындағы үлкен жауапкершілігі төрткүл дүниеге көпұлтты Қазақстанды мүмкіндігі мол мемлекет ретінде көрсете білді. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық тәуелсіз мемлекет құрудың негізіне айналды», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Елбасының жеке басының ерекшелігін әрдайым атап өтеді, өйткені әрбір ұрпақ мемлекеттің қалыптасуына қандай оқиғалар ықпал еткенін және тәуелсіздікті құрудың артында кім тұрғанын есте сақтауы тиіс.

Уақытша қор көрмесіне Елбасыға шетелдік көшбасшылар, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері сыйға тартқан портреттердің шағын бөлігі қойылған. Олар – көркем және сәндік-қолданбалы өнердің бірегей авторлық техникалары мен жанрларында түрлі материалдардан: тас, әйнек, балық терісі, тас үгінділері, табиғи теңіз құмы, шілтер сым, күріш, тары, фарфор және т.б. жасалған туындылар.