ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА «ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ТАБЫСТЫ ЖАСТАР» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

Үстіміздегі жылдың 5 мамырында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – табысты жастар» атты іс-шара өтті.

«Жаңа Қазақстан: жасампаз ұлт мұраты» атты екі күндік семинар-тренингінің тыңдармандары Түркістан облысының мектептерінің және Нұр-Сұлтан қаласындағы BINOM мектебінің оқушылары 2019 жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының «Бизнес» номинациясы бойынша жеңімпазы Айжан Жүзбаймен кездесті.

Айжан Жүзбай – сәнгер әрі «ZHUZBAY» брендінің негізін қалаушы, оның құрамына ZHUZBAY, ZHAN, BAI TAILOR, Aizhan Zhuzbay Atelier брендінің төрт желісі кіреді. Бала кезінен армандаған мақсатына жету үшін А.Жүзбай Бейжің сән технологиялары институтына (Beijing Institute of Fashion Technology) оқуға түседі. Сәнгер бакалавриат пен магистратураны аяқтаған соң, 2015 жылы Бейжіңде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 24 жылдығын мерекелеу аясында өзінің алғашқы киім желісін таныстырды. Ал 2016 жылы «Жүзбай Дизайн» ЖШС компаниясын тіркеді. Сол жылы Айжан «ZHUZBAY» брендімен өзінің көрсетілімімен Mercedes Benz China Fashion Week атты Қытайдағы сән апталығын ашып, осындай құрметке ие болған Орталық Азияның алғашқы дизайнері болды.

Кездесу кейіпкері өзінің жолы туралы айта отырып, халықаралық танымалдығына және атақты сән үйлерінің ұсыныстарына қарамастан, ол үшін ең маңыздысы өз елі мен халқына, оның тарихы мен бай мәдениетіне қызмет ету екендігін, осыдан шабыт алатынын атап өтті.

«Мен өзімнің барлық білімім мен іскерлігімді Қазақстандағы экономикалық және әлеуметтік ахуалды жақсарту үшін қолданғым келеді. Қазақстандықтарды сапалы, қолжетімді және сәнді киіммен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, қазақтың ұлттық киімдері мен этникалық стильді насихаттау, сән индустриясын дамыту, шетелдік инвестициялар тарту, туризмді дамыту – осының бәрін мен өз елім үшін жасағым келеді», – деп атап өтті спикер.

Қазір сәнгер командасымен бірге "Qazdetex" нано-матасын әзірлеуде, тері мен жүнді қайта өңдеу зауыттарымен байланысты инвестициялық жобалармен айналысуда.

Балалардың көптеген сұрақтарына жауап бере отырып, А. Жүзбай бәрінің де табысқа жетуге мүмкіндігі бар екенін, ал табыстың құпиясы қарапайым – бұл мақсатқа ұмтылу және еңбек ету екенін ерекше атап өтті. Үздік сұрақ қойғандарға сәнгер өз қолынан сыйлықтар табыстады.