Елбасы кітапханасында тоғызқұмалақтан республикалық турнирдің жалауы көтерілді

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге арналған «25 жұлдызды күн» аясында ұлт саулығы тақырыбын жас спортшылар кеңінен қаузады. Тартысты дода салауатты өмір салтын ұстанатын жастарды және дене шынықтыру факультеттерінің студенттерін тоғыстырды. Олардың әрқайсысы талай бәйгелерде шеберліктерімен көзге түскен. Сөзіміздің дәлелі – 19 жастағы Азамат Қайдаров Ресейде өткен тоғызқұмалақтан Азия чемпионатынан алтыннан алқа тағынды.

0U3A0916

– Қырғыздар осал болмады. Бірақ қазақстандық құрамаға тең келері табылмады. Байрақты бәсекеде елімізбен қатар Моңғолияның, Якутияның, Қырғызстанның жастары бақ сынасты. Ойын тартысты өтті. 6 кезеңдік нәтиже бойынша 5,5 ұпай жинап, алтын жүлдені жеңіп алдым. Ұлттық ойынымыз жедел шешім қабылдауға, шыдамдылыққа, сабырлыққа үйретеді және зияткерлік қабілетті дамытады. Еліміздің жалауын талай бәйгелерде желбірететініме сенімдімін, - деп өзінің әсерімен ақтөбелік спортшы, Азия чемпионы Азамат Қайдаров бөлісті.

0U3A1007

Жарысқа қатысушыларға мемлекеттік қайраткер, республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті Әлихан Бәйменов сәттілік тіледі.

– Бүгінгі жарыс Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткізіліп отыр. Еліміздің рухани ордасы Елбасы кітапханасында бастау алған турнир сіздерге ерекше күш-жігер берсін, - деп атап өтті Әлихан Бәйменов.

0U3A0928

Республикалық деңгейдегі жарыс павлодарлық студент Анастасия Фоос үшін елеулі. Қазақстан чемпионы, Азия Кубогының иегері медальдар қоржынын майлауға дәмелі. 19 жастағы спортшы осылайша өзінің ертеңгі туған күніне тарту жасамақ.

– Тоғызқұмалақ – ерекше әлем. Оның қыр-сырын 8 жылдан бері меңгерудемін. Ойынның арқасында әрбір қадамды екшелеп, қарсыластың жүрісін болжауға тырысасың. Логиканы дамытып, стратегияны құруға мүмкіндік береді. Болашақта тоғызқұмалақтан жаттықтырушы атанып, оған жастарымызды кеңінен тартуды армандаймын, - деп өзінің болашақтағы жоспарларымен Анастасия бөлісті.

0U3A1006

Жарыстың бас төрешісі Ернұр Мерешевтің айтуынша, ұлттық ойын бойынша жарыс 8 спорт шеберіне үміткерді және 8 спорт шеберін тоғыстырды. Әрбір ойын 40 минутқа созылады. Жеңімпаздардың есімі ертең белгілі болмақ.

0U3A0953