Елбасы кітапханасында дәстүр бойынша қыркүйек айында мектеп пен жоғары оқу орындарының жазғы демалысынан кейін жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған семинар-тренингтерді өткізу жаңарып отырады.

12 қыркүйекте Елбасы кітапханасында «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің жаңа маусымы басталды. Қазақ ұлттық аграрлық университеті (Алматы қаласы) мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 46 студенті үшін алғашқы семинар сабағы өз жұмысын бастады.

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласы мен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының негізінде жасалған жаңа оқу бағдарламасы үстіміздегі жылдың ақпан айында енгізілген. «Бәсекеге қабілеттілік – XXI ғ. ұлт жаңғыруы», «Қазақстанның тарихи жолы мен эволюциялық дамуы», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Ашық сана – болашаққа жол» дәрістерін Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері дайындаған. Семинар-тренинг бағдарламасы дәрістен басқа тренингтер, пікірталастар мен тәжірибелік сабақтар, Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі бойынша шолу экскурсиялары, елорданың мәдени көрнекті жерлерін тамашалау, белгілі тұлғалармен кездесулерді қамтиды.
13 қыркүйекте Алматы мен Қызылорданың студенттері семинар-тренинг курсы бойынша оқуды тәмамдағаннан кейін Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, М. Әуезов атындағы сыйлықтың лауреаты, 50-ден аса ғылыми еңбектердің авторы Нұрбек Шаяхметовпен кездесті. Спикер дәрістің тақырыбын жалғастыра түсетін «Рухани жаңғыру негіздері» тақырыбында сөз қозғады.

Іс-шарадан кейін Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпованың қатысуымен семинар-тренинг қатысушыларына сертификаттар тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
– Сіздерді Елбасы кітапханасының екі күндік оқу бағдарламасының табысты аяқталуымен құттықтаймын! Осы екі күнде сіздер жақсы қасиеттеріңізді, білімге, білімділікке, руханилық пен отансүйгіштікке құштарлықтарыңызды көрсеттіңіздер. Сіздердің осы жерден алған білімдеріңіз бен машықтарыңыз одан әрі тану мен дамуды жеделдетіп, жаңа табыстар мен жеңістерге жетелейді деген үміттеміз. Алдарыңызға биік те, асыл мақсат қойыңыздар, жетістіктеріңіз тәуелсіз еліміздің игілігі мен көркеюіне қызмет етсін. Енді сіздер Елбасы кітапханасынан тәлім алған Мемлекет басшысының идеяларын насихаттаушысыздар. Басқалармен осы білімдеріңізді құлшына бөлісіңіздер, – деді Ботагөз Мұттахиденқызы.

– Мен Астанаға семинар-тренингке шақырған ұйымдастырушыларға, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасымен таныстырған дәріскерлер мен тренерлерге алғысымды білдіремін. Бұл маған болашаққа ынта мен шабыт берді, – деп Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенті Вероника Аверкович өз алғысын білдірді.
– Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің қонақжайлылығы мен жақсы қарсы алғандарына, қызықты дәрістері және ынталандыратын тренингтер мен тәжірибелік сабақтары үшін көп рахмет! – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Гүлзат Оразова.

Екі университеттің студенттері сертификат алғаннан кейін Елбасы кітапханасы қызметкерлері мен шақырылған қонақтарға өздері шығарған өлеңдерін оқып, ән салып, домбырада күй ойнап, флешмоб билеп, нағыз мерекелік концерт көрсетті.
Күз мезгілінің жаңа алғашқы семинар-тренингі көңілді аяқталды.
