Ағымдағы жылдың 16 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Сараптамалық кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті.

Сараптамалық кеңес отырысында саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, ҚР Ғылым және білім министрлігінің Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Бүркітбай Аяған, ҚР Президенті Кеңсесі Бастығының орынбасары Бақытжан Темірболат, ҚР Президенті Әкімшілігі жалпы бөлім меңгерушісі Мірболат Жақыпов, ҚР Тұңғыш Президенті Мұражайының директоры Алма Сағынғали, ҚР Президенті Архивінің Астана қаласындағы басқарма басшысы Серікбек Әубәкіров және мемлекеттік органдар мен мекемелер өкілдері қатысып сөз сөйледі.
Елбасының жеке мұрағатын қалыптастыру және толықтыру көздері болып «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Жеке мұрағаты туралы» Ережесіне сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені белгіленген. Қазіргі таңда Тұңғыш Президенттің жеке мұрағатын Елбасының қызметінде пайда болған айрықша тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени маңызы бар құжаттармен толымдау қажеттілігі туындап отыр.

Сараптамалық кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қызметіне қатысты мұрағат құжаттарын жинақтауда Елбасының сыртқы саясаттағы қызметі мен жаһандық бастамаларына ерекше мән беру қажеттілігін айтты. «Мысалы, Семей полигонын жабу проблемасын айтуға болады. Оған баса мән беру қажет. Бұл - тарихи оқиға. 1994 жылдың 6 желтоқсанында Будапешт қаласында біздің Президент, АҚШ Президенті Б.Клинтон, Ресей Президенті Б.Ельцин және Франция Президенті Франсуа Миттеран кездесіп, маңызды келіссөздер өткен болатын. Біз Елбасымыздың әлем елдері және әлемдік көшбасшылары ортасындағы беделі мен жоғары құрметі барын жақсы білеміз. Осы келіссөздер нәтижесінде ядролық қаруы бар державалар басшылары Қазақстанның ядролық қауіпсіздігіне кепілдік берді», - атап өтті Қуаныш Сұлтанов.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасының кітапханасы» ММ Сараптамалық кеңесінің мүшелері Кітапхана дайындаған Тұңғыш Президенттің лауазымдық және қоғамдық қызметіне қатысты толықтыру көздерінің жаңадан кеңейтілген тізімін талқылады және жаңа тізімді бекітті. Бұл тізімге Елбасының лауазымдық және қоғамдық қызметіне қатысты құжаттар қалыптасуы ықтимал мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар енгізілді.

Соңдай-ақ, мәжіліс жұмысында Елбасы кітапханасындағы Мемлекет басшысының жеке мұрағаты құжаттарын жіктеу туралы сала мамандары мен сарапшыларының ұсыныстар мен пікірлері ортаға салынды.
Мәжіліс қорытындысы бойынша Сараптамалық кеңес Елбасы кітапханасының жеке мұрағатын жинақтаудың (толықтыру) жаңа көздері тізімін және мұрағат құжаттарын жіктеу амал-тәсілдерін бекіту туралы шешім қабылдады.