Бүгінде қазақтың асыл қазынасына айналған ұлттық мәдениетіне жер-жаһан жұртшылығының қызушылығы артты. Оның бір айғағы – «Менің Қазақстаным» кітап топтамасы. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған бұл еңбектер бүгінде Елбасы кітапханасының қорын толықтырып отыр.
Топтама қатарын есімі мен еңбегі көпшілік қауымға белгілі этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлының кітаптары бастайды. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты кітабында автор ел есінен шығып бара жатқан «бел көтерер», «немеурін», «құттық», «қыз алар», «шүлен тарату» іспетті т.б. салт-дәстүрдің 350 түрін тауып, жүйелі түрде ашып көрсеткен. «Қазақтың дарқан дастарханы» болса қазақ халқының ұлттық тағамдары мен жеңсік астары, олардың ерекшеліктері туралы жазылған. Дерегі мен дәйегі мол көркем тілде берілген бұл туынды қазақ елінің тұрмыстық мәдениетін біліп, танығысы келген әр адамға кеңесші құрал бола алады. Қазақтың ежелгі ас-тағамдарын әзірлеудің қыр-сыры келтірілген жинақ асқа қатысты әдет-ғұрыптар мен ырым-тыйымдар түсініктерінің берілуімен, сөздіктердің қамтылуымен өз құндылығын арттыра түскені анық. Сейіт Кенжеахметұлының қаламынан тамған «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» кітабы да ғылыми-танымдық, көркемдік-тәрбиелік жағынан ұтымды әрі тартымды құрастырылған. Қазақтардың мінезі мен түсініктерін, тұрмыстық салт ерекшеліктерін даралап көрсетуімен ерекшеленетін туынды мазмұнының тереңдігіне қолға ұстаған әр оқырман толық көз жеткізеді.

Ұлттық нақыштарды зерттеуге бағытталған аталмыш топтама қатарын Б.Хиянат пен А.Сужикова құрастырған «Қазақ халқының ұлттық киімдері» атты кітабы жалғастырады. Бұл басылымда дәстүрлі қазақ киім-кешектерінің жасалу жолдары мен киімді өңдеп-әшекейлеуде қолданылатын амалдар келтірілген. Оның беттерінен тігін құралдары мен материалдары жөнінде қажетті ақпаратты да табуға болады. Сонымен қатар, кәсіптік киімдердің (аңшы, малшы т.б.) ерекшеліктері мен олардың қазақ жерін мекендеген сақ, қыпшақ, үйсін, қимақ, түркі тайпаларымен сабақтастығы да, ұлттық нақыштардың заманауи сән үлгілерінде пайдаланылуы да оқырмандар назарына ұсынылған.

Ал Ш.Тоқтабаева құрастырған «Қазақтың киізден бұйым жасау өнері» атты еңбегі кітап сүйер қауымды қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерімен таныстырады. Автордың көпжылдық зерттеуіне сүйенген кітап киізден бұйым жасау қолөнерінің бастауы мен даму тарихына, өрнектер ерекшеліктері мен символикасына талдау жасайды. Оның беттерінде Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі қорындағы жинақ үлгілерімен, қазіргі заман шеберлерінің бұйымдарымен танысуға болады.

– «Менің Қазақстаным» топтамасы үш тұғырлы тіл саясатын ұстануымен ерекшеленеді. Демек, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қызығушылық танытқан шет мемлекет азаматтары үшін бұл кітаптар бүгінде қолжетімді болып отыр. Мұндай мүмкіндіктің арқасында еліміздің тарихы әлемге паш етіліп қана қоймай, халқымыздың дәстүрлері де қайта жаңғырмақ. Осы ретте топтама кітаптарында ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың көпке белгісіз тұстары берілгенін атап өткен жөн. Оқырмандар қауымының назарына ұсынылған аталмыш жоба тарихи деректер мен маңызды ақпараттарды бір ірі жүйеге келтірген. Сол себепті де «Менің Қазақстаным» топтамасының кітаптарына деген халықтың қызығушылығы жоғары. Ал жастардың аталмыш еңбектерді Наурыз мерекесінен тыс уақытта да зейін қойып оқитыны бізді қуантады. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының жемісі екені сөзсіз, - деді Кітапхана жұмысы қызметінің басшысы Сандуғаш Әбсәдірова.