
Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасында оқушылардың ғылыми жобаларға арналған екі байқауының – «Әлемді өзгертетін идеялар» және «Қазақ хандығына – 550 жыл» жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Бұл байқаулар былтырғы жылдың соңында Астана қаласы мектеп оқушыларының арасында жарияланды. Елбасы кітапханасының бастамасымен өткізілген конкурстарға ҚР Білім және Ғылым министрлігі, Астана қаласының Білім басқармасы, «Астана дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы қолдау білдірді.
Байқаудың мән-маңызы туралы Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков былай деді: «Мұндай конкурстардың басты мақсаты оқушылардың шығармашылық, танымдық, зерттеушілік белсенділігін ынталандыру, төл тарихына құрметін қалыптастыру болып табылады».
Байқауларға 8-10-сыныптардың 100 оқушысы қатысты. Қазылар алқасының қарауына оқушылардың жоғары білім деңгейін, креативтік ойларын көрсеткен көптеген жұмыстар ұсынылды. Финалдық кезеңге қатысу үшін 26 жоба іріктелініп алынды. «Украин тіліндегі түркілік», «Жастарға арналған қазақстандық әлеуметтік желілер», «Патриотизмнің жаңа құндылықты жолын қалыптастыру» - бұлар – оқушылардың зерттеу ісімен қаншалықты кең дүниетанымда айналысқанын көрсететін кейбір тақырыптар ғана.
Конкурс жеңімпаздары:
І орын – «Жасыл экономикадағы туризм» жобасымен №38 мектептің 10-сынып оқушылары Камила Сембаева мен Елдар Бітібаев;

ІІ орын екеу – «Астана – бірегей қала» жобасымен №69 мектептің 8-сынып оқушылары Айдана Әшірханова, Аяжан Байдүйсенова және «Жел қуатының қолданылуы» жобасымен №62 мектептің 8-сынып оқушылары Әйгерім Айсабекова, Мақсат Нұрмолда;
ІІІ орын үш жұмысқа берілді:
- «Қазақстанның басты байлығы – ұлтаралық келісім» жобасы үшін №36 орта мектептің 8-сынып оқушылары Наталья Ефименко мен Владислава Гришинаға;
- «Діндер диалогының өзектілігі» жұмысы үшін №4 орта мектептің 8-сынып оқушысы Ақжан Бауыржанқызына;
- «Қазақ интеллигенциясының саяси-құқықтық идеялары» жобасы үшін №65 орта мектептің 10-сынып Гауһар Ақпароваға.
Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар, сондай-ақ Елбасы кітапханасы Баспа үйінің кітаптары табыс етіледі.
Сонымен қатар тағы 6 қатысушы «Белсенді қатысқаны үшін» сертификатымен марапатталды.
