30 наурыз күні Елбасы кітапханасында «Нұр Отан» партиясының қалыптасуындағы Елбасының рөлі» атауымен кездесу өтті. Кездесу Елбасы кітапханасы мен «Нұр Отан» партиясының саяси менеджмент мектебі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.
Шара модераторы – «Нұр Отан» партиясы саяси менеджмент мектебінің директоры Жанар Бұқанова партия мүшелері, жастар, Қазақстанның барша азаматтарының саяси құзыреттілігін арттырудың маңызды екенін айта келе, қатысушыларды Саяси мектептің жұмыс жүйесімен таныстырды. Модератордың сөзінше, Саяси мектеп жұмысында Елбасының саяси идеяларын және партия қызметін ғылыми-әдістемелік қолдау үлкен орын алады.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов құттықтау сөзінде кездесу маңызды тарихи оқиға – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауында билік партиясының жарқын және сенімді жеңісі кезінде өтіп жатқанын айтты.
Партияның Саяси мектебінің авторлар ұжымы «Нұр Отан» партиясы Қазақстанның саяси тарихы толқынында» атты оқу құралын жазған. Осы кітапта партия қызметіне алғаш рет кешенді талдау жасалған. Оқу құралы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.
Партия туралы кітаптың тұсаукесерінде аталған оқу құралының рецензенттері мен алғашқы оқырмандары өз пікірін білдірді. Оқу құралы туралы ой білдіргендердің бірі – саясаттану ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Юрий Булуктаев кітап түсінікті тілмен және сауатты жазылған, сонымен қатар өзекті мәселені көтереді деп есептейді. Ғалымның пайымдауынша, кітаптың құндылығы ретінде «Нұр Отан» партиясы құрылуының қалыпты мәселелері туралы баяндалғанын және халықаралық тәжірибені ескере отырып партия құрылымының теориялық, практикалық проблемалары да қарастырылғандығын айтуға болады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Наталья Калашникова да оқу құралына жоғары баға берді:
- Бұл оқу құралының тұсаукесері – Қазақстанның саяси өміріндегі айтулы оқиға. Оқу құралында саяси үрдістегі өзгерістер толық жазылған және оның іргелі негізін Елбасы еңбектері құрайды. Кітап әлемдік тәжірибеге, инновациялық саяси жүйенің үздік дәстүрлеріне бағдарланған, - деді.
Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев қатысушылар назарын партия тарихын баяндау амалдары кітапта заманауи және дұрыс жазылғанына аударды. Ж.Қуанышев:
- Оқу құралы азаматтық қоғамның дамуы және партия дамуының белгілі деңгейін ашу тұрғысынан жазылған. Кітапта партия жұмысының инновациялық әдістері қаралып ұсынылған, партияны қалыптастырудағы Елбасының рөлі көрсетілген. Оқу құралы қолданбалы сипатта және партияда тұрғандар үшін ғана емес, сондай-ақ елдегі қоғамдық-саяси өмірге бей-жай қарамайтын барлық азаматтар үшін пайдалы кітап екені сөзсіз, - деді.

«Жас Отан» ЖҚ төрағасы Шахмардан Байманов оқу құралына жоғары бағасын беріп, кітапты интернет-ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы электронды форматта тарату туралы ұсынысын білдірді.
Оқулықтың тұсаукесерінен кейін «Нұр Отан» партиясының өкілдері Елбасы кітапханасына жаңа оқу құралының бірнеше данасын сыйға тарту етті.
Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының қызметкерлері, партияның бастапқы ұйымдарының басшылары, ҮЕҰ өкілдері, қазақстандық сарапшылар және шетел ғалымдары қатысты.

Кездесу қатысушыларына Елбасы кітапханасының экспозициялық-көрме залы бойынша экскурсия жасалды.